МТРА жаңалықтары

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Есіл ауданында болды

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Есіл ауданына қарасты Заградовка ауылына барды. Жұмыс сапары барысында халық қалаулысы жергілікті тұрғындармен кездесіп, референдумның маңыздылығын түсіндірді. Ауылдағы ағайын жаңа өзгерістер жайлы естідік дейді. Осы орайда солтүстікқазақстандықтар депутатқа өз сұрақтарын қойды. Василий Кузнецов зейнетақы беру жүйесіне өзгеріс енгізілгенін қалайды екен.

Василий Кузнецов, Заградовка ауылдық округінің ветеринары, Есіл ауданы:

– Мен 40 жылдан бері ветеринария саласында қызмет етемін. Жақында зейнетке шығамын. Осы орайда мемлекет маған жинаған қаржымды тұтас бере салғанын қалаймын. Себебі, зейнетақыны ай сайын белгіленген көлемде алып отыру аздық етеді.

Ерлан Сайыров қойылған сұрақтың өзекті екенін тілге тиек етіп, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде бұл мәселемен түпкілікті айналысамын деді.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Кеше ғана осы мәселемен маған бірнеше азамат жүгінді. Келесі аптада Петропавл қаласының қоғам өкілдері маған ресми түрде жүгінгелі отыр. Жалпы, барлық өңірлерден зейнетақы беру жүйесі жайлы сауалдар түсіп жатыр. Референдум аяқталған соң міндетті түрде Парламент қабырғасында мұны талқылаймыз. Қазақстандықтардың барлық өтініштері ескеріледі.

Жалпы, жаңа заңнамалық өзгерістердің басым бөлігі қазақстандықтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Алдағы уақытта ауылдан бөлек, аудан мен қала әкімдерін, мәслихат депутаттарын халық өзі сайламақ. Бұл атқамінерлердің халық алдындағы жауапкершілігін артыруға септеседі және халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін береді.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Халықтың әл-ауқатын көтеруге серпін беретін мәселелер мынадай: Конституция өзгерген соң елдегі экономикалық қатынастар өзгереді.

Осылайша, конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады және саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландырмақ дейді депутат Ерлан Сайыров.

Бердимурат Баймухан