МТРА жаңалықтары

Айыртауға сапар

Қозыбаев университетінде “Туризм” мамандығы бойынша оқитын студенттер Айыртау ауданына барып қайтты. Жастар мұнда Айғаным қонысы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Ботай тұрағы сынды тарихи орындарда болып, өткенге сапар жасады.

Үш сағат ән салу мүмкін емес. Жолда жастардың кейбірі кітап оқып, ой-өрістерін кеңейтті. Экскурссия жүргізушісі де қыз-жігіттердің білімін толықтырды. Ол Айыртау ауданындағы тарихи орындар туралы айтуда. Әңгіменің бірі бұрын бүлінген, бірақ бертін келе қалыпқа келтірілген Саумалкөл көліне қатысты болды.

Шоқаны бар елдің шоқтығы биік! Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз Айыртау ауданында тұрған. Бүгінде Сырымбет тауының баурайында әжесі Айғанымның қонысы бар. Жастарға осы қасиетті орынға ат басын бұру мүмкіндігі туды. Салт сақтаған сырымбеттіктер қонақтарды дәммен қарсы алды.

Бұл жердің өзіндік атмосферасы бар. Әр нысан, әр дүние тарихтан шыр шертіп тұрады. Экскурсия жүргізушісі Айғаным қонысы жайлы кеңінен баяндады.

Шоқан өскен үй де сырға толы. Мұнда атақты тұлға қолданған заттар әлі сақтаулы тұр. Жастарға бәрі қызық. Олар тарихи орынды ұялы телефондарына түсіруде. Сырымбетке сонау Уәлиханов ауданынан мектеп оқушылары да келіпті. Тоғызыншы сыныпта оқитын Әйгерім Төлебаева бұрын білмеген деректерді ой дәптеріне түртіп алдым дейді.

ӘЙГЕРІМ ТӨЛЕБАЕВА, №2 Кішкенекөл орта мектебінің оқушысы, Уәлиханов ауданы:

  • Шоқан Уәлихановтың суретімен, ол жайлы деректермен кітап арқылы таныспын. Осы жерге келгеннің арқасында одан да көп ақпар алдым. Өте қызық. Әжесі туралы да естідім.

    Қазақтың қос батыры Айыртауда жерленген. Оларға арнап алып ескерткіш орнатылғаны мәлім. Қарасай мен Ағынтай мемориалдық кешені алыстан көз тартады. Сырымбеттен соң жастардың осы жерге жолы түсті. Мұнда меймандарды шырақшы күтіп алып, құнды деректермен бөлісті. Ел қорғаған бабалардың рухына құран да бағышталды.

    Айыртаудың тағы бір мақтанышы – Ботай тұрағы. Қарасай мен Ағынтай мемориалдық кешенінен кейін студенттер осы тарихи орынға аттанды.

Байболат Култанов