Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Ботай пырағы – 2022” фестивалі

Жерлестеріміз Ботай тұрағында жиналып, сан жылдық тарихы бар жермен танысты. Халықаралық музей күніне орай “Ботай пырағы – 2022” фестивалі өткізілді.

Тарихи мекенге жету үшін бір топ жас пен біздің түсірілім тобымыз 250-ден астам шақырымды артқа тастады. 5 сағаттық жол жастарды қалжыратқандығы анық. Бірақ, шаршау сезімі Ботай қонысына жеткен кезде әп-сәтте,су сепкендей басылды. Жайлы атмосферада жүрген көпшілік арасында Асанәлі Сұраған да бар. Азамат фестивальға қатысу үшін Алматы қаласынан арнайы келіпті.

АСАНӘЛІ СҰРАҒАН, Алматы қаласының тұрғыны:

  • Тұрақтың ашылғанына 40 жылдай болды. Фестиваль 3-ші рет өткізіліп жатыр. 1983, 1990 және міне араға 30 жыл салып өткізілуде. Бұл жер мен үшін қасиетті. Ата-бабаларым осы жерді мекен еткен. Мақтан тұтамын.

    Мұнда көрме де қанат жайған. Көне қоныстағы баспананың ішінде тас дәуірінің жәдігерлері қойылған. Сан ғасыр артқа сапар шектіретін экспонаттармен Диас Можғанов жіті танысып жүр.

    ДИАС МОЖҒАНОВ, Қозыбаев университетінің студенті:

  • Маған бұл фестиваль қатты ұнап жатыр. Себебі, өткенге сапар шегіп, түрлі қызықты деректермен танысудамыз. Мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса жақсы болар еді. Себебі, әр жас өз тарихы мен салт-дәстүрін білуі тиіс.

    Бұл мекеннің тарихы тереңде. Осыдан 40 жыл бұрын археологтар осы аумақтан жылқы сүйектерінің қалдықтарын, керамикалық ыдыстар мен тұрақтар тапқан. Жәдігерлердің бірінде қымыз ДНК-сы анықталған. Бұл анализді даниялық зерттеушілер жасаған екен. Бұл бүкіл әлемге қазақтардың жылқыларды бірінші болып қолға үйреткендігін дәлелдеді.

    Рақат МАМБЕТАЛИНОВ, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

  • Бұл фестиваль арқылы Ботай қонысы жайлы жастарға айтып, оның қадыр-қасиетін түсіндіргіміз келді. Іс-шара барысында қатысушылар ботайлықтардың тұрмыс-тіршілігінің үлгісімен танысты. Сондай-ақ, тері мен керамикалық ыдыстарға және қазба жұмыстары болған жерлерде зерттеу жүргізіп, өздерін археолог маман ретінде сезіне алды.

    Жалпы, бұл фестивальға кез келген жан келіп қатысты. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жүрді. Әрқайсысы өзіне ұнаған дүниелермен танысып, жандарына жаққан іспен айналысты.

    Мұндай танымдық фестивальді Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мамандары Халықаралық музей күніне орай жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Алдияр Айтпаев