МТРА жаңалықтары

Заңды бұзған аңшыға қомақты айыппұл салынады

 

Шал ақын ауданында ер адам құс атып жүрген жерінде қолға түсті. Жалтыр ауылына жақын жердегі көлдің жанынан өтіп бара жатқан табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мылтықтың дыбысын естіп қалады.
Барса, көрші Тимирязев ауданының үш тұрғыны ешбір құжатсыз суда жүзетін құстарды аулап жүрген. Атылған мылтықтың иесі – 36 жастағы ер адам. Қару еш жерде тіркелмеген. Ауыл тұрғыны ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 482-ші бабы бойынша жауапқа тартылады. Іс сотқа жолданған, ер адам 20 айлық есептік көрсеткіш – 61 мың теңгеден астам сомада айыппұл төлеуі мүмкін.
Сондай-ақ, аң аулау ережелерін бұзу фактісі бойынша үшеуіне Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 382-ші бабы бойынша хаттама толтырылды. Еске сала кетейік, мамырдың 7-сінен бастап облыс аумағында суда жүзетін құстарды атуға тыйым салынған. Жыл басынан бері өңірде аң аулау ережелерін бұзуға қатысты 330-ға жуық, ал балық аулау тәртібін бұзуға қатысты 170-тен астам жайт тіркелген.

Данаш Хамзина