МТРА жаңалықтары

Петропавлда ювеналдық полиция есебінде 80 отбасы тұр

Петропавл тұрғыны ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. 29 жастағы келіншек ішімдікке құмар, есірткілік және психотроптық заттарға да әуестігі бар.

Әйел адамның 10 жастағы қызын шешесі, яғни жеткіншектің нағашы әжесі бағып отыр.
Екеуі арақтан ажырағысы келмейтін келіншектен бөлек тұрады.
Қазіргі уақытта өзінің ата-аналық парызын орындамай жүрген әйелге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 127-ші бабы бойынша әкімшілік материал жиналды. Процессуалдық шешім шығару үшін іс сотқа жолданды.
Жалпы, Петропавлда ювеналдық полиция есебінде тұрмысы төмен 80 отбасы тұр.
Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға жолдау үшін жауапсыз ата-аналарға қатысты 14 материал жиналды. Оның ішінде 3 адам ата-ана құқығынан айырылған, біреуінің құқығы шектелген.

Данаш Хамзина