Мәдениет

Өнер колледжінің түлегі жеке концертін өткізді

Жан Өмірзақ – дарынды қобызшы. Киелі аспапты қолына 5-ші сыныпта алған.
Содан осы өнер ордасында білім алып, қобызда ойнаудың қыр-сырын меңгерді. Музыкант болуды бала кезінен армандаған Жан өзгелеріне қарағанда қазақтың төл аспабы – қобыз жаныма жақын дейді. Өнерлі бұрымды биыл түлеп ұшқалы отырған білім ордасының ұжымы алдында бүгін алғашқы жеке концертін өткізді.

ЖАН ӨМІРЗАҚ, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің түлегі:

– Әрине, осы концертімді берген кезде қатты қобалжыдым. Бірақ, бәрі ойдағыдай өтті деп ойлаймын. Осы қобызбен ойнау алдағы жоспарда бар. Жоғары оқу орнына түсу туралы үлкен мақсатым бар. Осы білім ордасында оқып жүріп көптеген байқауларға қатыстым. Мемлекеттік қана емес халықаралық деңгейдегі байқауларда лауреат, жеңімпаз атанғанмын. Ең алдымен ұстазыма үлкен алғысымды білдіргім келеді. Осындай дәрежеге жетіп отырғаным ол әрине ұстазымның арқасында.

Қобызда ойнау оңай емес, көп жылдық тәжірибені талап етеді дейді нәзікжанды. Шарада Құрманғазының «Төремұрат» атты туындысы жүректен ерекше орын алды. Шығармашылық кеште халық композиторларының ғана емес, сондай-ақ, шетелдік таланттар, мәселен, Камиль Сен-Санстің «Концерті», Сарасатенің «Хабанеросы»
ойналды. Осы айтулы күні жас қобызшының туған-туысқандары мен жақындары қолдау көрсетуге келді.

СПАРТАК РАМАЗАНОВ, Жан Өмірзақтың әкесі:

– Ертең болашақта Жан сияқты қыздар көбінен болып, әлі де қобызшылар Солтүстік өңірде көбейе берсін. Ең алдымен осы өнер ордасына рахмет. Білім беріп отырған ұстаздарына рахмет. Осындай жетістікке жетіп отырған сол кісілердің тікелей қатысуымен, олардың арқасында қызым білім алып, талай республикалық, халықаралық байқауларда лауреат жеңімпаз атанды.

Жалпы, өнер колледжінде қобызшылар класы шамамен 20-30 жыл бұрын ашылған екен. Алайда, көбісі бұл аспапты таңдай бермейтін көрінеді. Биылғы жылдың өзінде өнер ордасын дәл осы бағыт бойынша 3-ақ студент тәмамдап отыр. Түлеп ұшқан жастар білімдерін жоғары оқу орнында жалғастырады.

Самал Жунусова