МТРА жаңалықтары

Мәслихат төрағасы лауазымы пайда болады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров облыстық мәслихат депутаттарымен жүздесті. Кездесуде алдағы референдум жайы кеңінен қаузалды.

Алдағы бүкілхалықтық сайлаудың қорытындысы бойынша жергілікті өкілдік органдарда да өзгеріс орын алмақ. Қандай? Келешекте мәслихаттарда төраға лауазымы пайда болады. Бұл аймақтың бюджетін қарастыруда, қаржыны халықтың игілігіне жұмсауда маңызды рөл атқармақ.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Енді облыс әкімдері де мәслихат депутаттарының таңдауы бойынша тағайындалатын болады. Яғни, балама сайлау болады. Бұл өңірлердегі демократиялық процестің әрі қарай дамуына алып келетін ең негізгі механизм болып табылады.

Ескерер жайт, Ата заңға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін бұл сайлауға бірнеше адам түспейді. Мәслихаттар облыс әкімі лауазымына Президент ұсынған тек екі азаматтың кандидатурасын өзара қарастырады. Соңында бір байламға келеді. “Бұл – жаңа Қазақстанның қабырғасын қалайтын алғашқы кірпіштердің бірі. Сондықтан, референдумға қатысу – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз”,- дейді Ерлан Сайыров.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл – елімізді демократияландыруға, халық пен биліктің арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған қадам, ескі мен жаңаның арасындағы жолайрық. Сондықтан баршамыз келіп, дауыс берейік.

Ерлан Сайыров облыстық мәслихаттан кейін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханаға барды. Мәжіліс депутаты қара шаңырақта жергілікті білім және мәдениет саласы өкілдерімен жүздесті. Талқыға салынған тақырып – бесінші маусымда өтетін референдум.

Байболат Култанов