МТРА жаңалықтары

Қалалық мәслихаттың сессиясы өтті

Бүгін Петропавлда қалалық мәслихаттың сессиясы өтті. Депутаттар өткен жылғы бюджет кірісінің көлемі мен оның қаншалықты тиімді игерілгендігін талқылады.

Былтыр әлеуметтік салық бюджеттің 34 пайыздан астамын қамтыды. Ал алкоголь өнімдеріне салынатын акциздік салықтан қазынаға бүкіл кіріс көлемінің 27 пайызға жуығы түскен. Жер учаскелерін пайдаланудан да пайда аз емес. Бұл бағыттан 126 млн теңге қаржы келген.

ЕЛЕНА БОГДАН, қалалық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Пәтер саудасынан 5 млн 200 мың теңгеден астам қаражат түсті. Субвенция көлемі 1,5 млрд теңгені құрады. 2021 жылы бұл соманың 63 млн-ға жуығы игерілді. Жылдық жоспар 66 млн теңге болатын. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен бағытталған ақшаның 85 пайызы игерілді.

Өткен жылы қалада құрылыс ерекше қарқын алды. Облыс көлемінде атқарылған істің жартысынан астамы – петропавлдықтардың үлесі. Бұл бағытқа бағытталған қаражат көлемі 54,7 млрд теңгені құрайды. 2021-де сауда нарығынан да қазынаға қыруар ақша құйылған. Дәлірек айтсақ, бөлшектік саудадан 191 млрд теңге түскен.

МАРАТ ЕБЖАНОВ, СҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі:

– Көтерме сауда көлемі – 327 млрд теңге немесе 2020 жылмен салыстырғанда 113,7 пайызды құрады. 2021 жылы қалалық бюджет кіріс бойынша 99,8 пайызға орындалды.

2021 жылы тексеру комиссиясы бірқатар тексеру іс-шараларын өткізген. Нәтижесінде 139 млн теңгенің тиімсіз пайдаланғандығы мәлім болған. Сондай-ақ, 22 процедуралық бұзушылық анықталған.

Алдияр Айтпаев