МТРА жаңалықтары

СҚО-да велосипедке мінген жасөспірімдердің қатысуымен 2 жол-көлік оқиғасы болды

Облыста өткен демалыс күндері жасөспірімдердің қатысуымен 2 жол-көлік оқиғасы болды. Екі жағдайда да балалар велосипедпен келе жатқан. Бірінші оқиға Петропавлда болды. 4-ші сынып оқушысын Н.Назарбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолағынан өте берген кезде көлік соққан. Рөлде отырған адам оқиға орнынан қашып кеткен. Велосипед мінген қыз ауруханаға жеткізілді. Полицейлер жүргізушіні келесі күні тапты. Екінші жағдай Қызылжар ауданында болды. «Лада Гранта» көлігін басқарған адам 7-ші сынып оқушысын соққан.

Азамат Жамұқов , СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Оқиға Қызылжар ауданындағы жергілікті маңызы бар жолда болды. Велосипед тізгіндеген бала «Лада Гранта» көлігімен бір жолда бір бағытта келе жатқан. Оны соққан машинаны 67-ші жылғы ер адам басқарған. Бала медициналық мекемеге жеткізілді.

Велосипед тізгіндеген жандардың қозғалысына қатысты бірқатар ереже бар. Полиция қызметкерлерінің айтуынша соның бірі велосипедпен жаяу жүргіншілер жолағынан өтуге қатысты. Яғни, жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедтен түсіп, яғни оны ұстап жаяу жүріп өту керек.

Алдияр Айтпаев, тілші:

– Қос фактіге қатысты полиция қызметкерлері әкімшілік өндіріс аясында тексеріс жүргізіп жатыр. Осы ретте тәртіп сақшылары жолда велосипедшілерге де, төрт дөңгелекті көлік тізгіндеген жүргізушілерге де жолда абай болу қажеттігін ескертеді.

Алдияр Айтпаев