Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті

ҰҚШҰ-ның мерейтойлық саммитінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентімен кездесу өткізді. Жүздесу барысында Президенттер күн тәртібіндегі екіжақты өзекті мәселелерді, сондай-ақ, сауда-экономикалық саладағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын талқылады. Владимир Путин өз кезегінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң қарқынын атап өтті. Ал Қазақстан Президенті бүгінде машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі сияқты салаларда жалпы құны 4 млрд доллар болатын 20 ірі жобаның түрлі сатыда жүзеге асырылып жатқанын айтты.

ГРАФИКА:
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті. Ресей – Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы басты серіктес. Сол себепті, мен Үкіметімізге осы қарқынды және сауда мен инвестициялар көлемін сақтап қана қоймай, қазіргі геосаяси жағдайдағы барлық қиындықтарға қарамастан оларды арттыру жөнінде міндет жүктеймін. Мен өзіммен бірге осы салаға жауапты Премьер-министрдің бірінші орынбасары бастаған Үкіметтің негізгі шенеуніктерін ала келдім. Олар табысты келіссөздер жүргізді және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін олардың алдына Ресей Федерациясының Үкіметімен іскерлік бағытта жұмыс істеу міндеті қойылды.

Бердимурат Баймухан