МТРА жаңалықтары

“Жас өркен” ықшам ауданында 250 орындық емхана салынып жатыр

“Жас өркен” ықшам ауданында салынып жатқан жаңа емхананың құрылысына 2 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның 550 млн-ы игеріліпті. Нысан 250 орындық.
Құрылыс қарқыны осал емес, қызу болар еді, бірақ оған уақытында сырылмаған ескі жер үйлер кедергі келтіріп тұрғандай.
Содан «Б» блогының іргетасы жартылай ғана құйылған. Бұл бөліктің бой көтеруі тұралап тұр. Құрылысқа қажет материал жеткілікті дейді мамандар. Құрылысшылар қазір «А» мен «В» деп аталатын блоктарда жұмыс істеп жатыр.

Қайыржан Жанахметов, прораб:

-Бөлуші қабырғаларды тастан қалап жатырмыз. Колонналарды, ригельдер мен қабатаралық плиталарды монтаждау жүріп жатыр. Қолданыстағы материалдың басым бөлігі қазақстандық. Нысанды күнтізбелік кестеге сәйкес осы шілде айында тапсыруымыз қажет».

Құрылыс жұмыстарына 5 техника тартылған. Барлығы – 10 монтаждаушы және осынша тас қалаушы мен түрлі жұмысшы еңбек етіп жатыр. Мұнда тәжірибеден өтуге келген студенттер де құр қарап тұрмайды. Ондай жастардың саны – алтау.

Владимир Правик, ЖҚЭК студенті:

– Мен Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде 2-ші курста оқимын. Оқуымды аяқтағаннан кейін осы салада жұмыс істегім келеді. Бетон жеткізіп берген еді, қазір қалыпты орнатып жатырмыз. Стипендиям көп емес, сол себепті, толық жұмыс күніне ауысып, лайықты жалақы алуды жөн көрдім».

Емхана құрылысына «Альфа-Север» серіктестігі жауапты. Жоба құнын нақтылай кетейік, сома 2 млрд 100 млн теңгені құрайды.

Бердимурат Баймухан