Спорт

Мәдениет мекемелерінің қызметкерлері үстел теннисінен мықтыны анықтады

Бүгін мәдениет мекемелерінің қызметкерлері үстел теннисінен мықтыны анықтады. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жарысқа 30-дан астам маман қатысты.

6-шы үстелде қызу тартыс өтіп жатыр. Мұнда Зарина Утенова мен Диана Омарова өзара мықтыны анықтауда. Алғашқы қос партияда нәзікжандылар тең дәрежеде ойнап, 1 де 1 есебімен тарқасты. Енді міне шешуші партияда жеңімпазды анықтап жатыр.

Жан алысып, жан беріскен тартысты кездесуде Қызылжар аудандық кітапханасының қызметкері Зарина Утенова жеңіске жетті.

Зарина Утенова, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы


– Мектеп кезінен айналысамын. Ұтып қаппын. Біраз жыл болды ойнамағалы. Бірақ, енді аз да болса білгенімді ортаға салуға келдім. Жан-жақты болуға тырысамыз. Яғни спорт жағынан да, мәдениет жағына да өзімізді сынап, жан-жақты алып жүреміз.

Ал ерлер арасындағы тартыс енді қызып жатыр. 1-ші айналымда кіл мықтылар іріктелініп, екінші кезеңге жолдама алды. Орлов Сергей мен Нариман Садуақасов үшін жеребе жолдас болмады деуге болады. Бүгін жарыстың басты фавориттерінің жолдары финалда емес, іріктеуде тоғысты.

Бұл кездесуде Сәбит Мұқанов атындағы қара шаңырақтың қызметкері Нариман Сәдуақасовтың асығы алшысынан түсіп, жеңіске жетті.

Нариман Сәдуақасов, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы

– Екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жеттім. Жарыс қызықты өтіп жатыр. Тырысамыз енді 1-ші орын алуға. Бұл жарысқа 1-шы жыл қатысып тұрмын.

Мәдениет қызметкерлері арасындағы додаға 3 аудандық және 7 қалалық команда қатысып отыр. Барлығы – 32 спортшы. Бүгінгі жарыста оза шапқан жандарға медаль, грамоталар мен ақшлай сыйлықтар беріледі. Айта кету қажет, бұл жарыс жалғасын табады. Мамырдың 18-сі мен 19-ы күндері – волейболдан, ал 29-ы күні қазақ күресінен сайыстар өтеді.

Алдияр Айтпаев