МТРА жаңалықтары

ҚР Мәдениет қайраткері Михаил Лахтин 63 жылдық мерейтойын атап өтті

Өз ісінің шебері, талапшыл әрі жауапкершілігі мол. 63 жасқа толған шығармашыл тұлға мерейтойын жеке концертпен атап өтті. Бүгінде «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин талай бишіні тәрбиелеп шығарған.

МИХАИЛ ЛАХТИН, «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Арман-мақсаттарым жетерлік. Бүгінгі іс-шара арқылы өз өмірімнің басқа кезеңіне өтіп жатқан сезіміммен бөліскім келді. Әрдайым көрермен мен бишілерімнің талғамын түсінуге тырысамын. Ол маған арамызға түсініспеншілік орнатуға ықпал етеді.

Мерейтойлық кеш шымылдығын «Мәңгілік» би ансамблі ашты. Қыз-жігіттер сахнада 5 жылға жуық билеп жүр. 13 жасар Екатерина Нелюбина ұстазы әрқашан қолдау көрсетіп, биге деген сүйіспеншілікті оята білді дейді.

ЕКАТЕРИНА НЕЛЮБИНА, «Мәңгілік» би ансамблінің мүшесі:

– Михаил Васильевич биде белгілі бір іс-қимыл арқылы адамның ішкі жан-дүниесі бейнеленеді дейді. Ол кісі өте талапты. Өзім билеген кезде ерекше әсер аламын және эмоцияларымды сыртқа шығарғым кеп тұрады.

Михаил Лахтиннің мерейтойлық кешіне жолдастары мен шығармашылығына таңданыспен қарайтын тұрақты көрермендері жиналды. Карина Самулдинова – «Мәңгілік» би ансамблінің мүшесі. Нәзікжанды қазіргі таңда декреттік демалыста екен. Алдағы уақытта сүйікті ісін жалғастырмақ ниетте.

КАРИНА САМУЛДИНОВА, «Мәңгілік» би ансамблінің мүшесі:

– Михаил Васильевич кәсіби әртіс ретінде қадам басуыма үлкен үлес қосты. Осы кісінің арқасында биік белестерді бағындырып, биші ретінде өстім деуге болады. Біз көптеген елдерге жарыстарға бардық. Өзге ұлттың бишілерімен бір қатарда тұрдық. Оған деген алғысым шексіз.

Самал Жунусова