МТРА жаңалықтары

Балалардан құралған қос өнер ұжымы есептік концерт өткізді

“Радуга” және “Парапа” би студияларының ұжымы есептік концерт өткізді. 200-ден астам ұл-қыз дүйім жұртқа өз өнерлерін паш етті.

Сахна шымылдығы қазақтың ұлттық биімен ашылды. Бұл туындыны “Парапа” студиясының бишілері 2 ай көлемінде дайындапты. Мың бұрала би билеп, үстеріне әдемі көйлек киген жеткіншектердің арасында Милана Щерба да бар. 7 жастағы Милана бимен үшінші жыл айналысып келеді.

МИЛАНА ЩЕРБА, “Парапа” студиясының бишісі:

 

– 3 жылдың ішінде біраз би үйрендім. Соның ішінде өзіме ең жақыны – “Сұлу қыздар”. Себебі, бұл бидің музыкасы да, қимылдары да ерекше. Болашақта танымал биші болғым келеді.

Би мен ән, сурет салу, сахналық қойылым қою. “Радуга” студиясы өнерге жақын 200-ден астам баланы топтастырып отыр. Жеткіншектердің жас айырмашылығы 5 пен 14 жастың аралығында. Студия “Арт спорт” жобасы аясында 8 ай бұрын құрылған.

ЕКАТЕРИНА ЕЖИКОВА, “Радуга”  балаларды дамыту студиясының жетекшісі:

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұл-қыздарды өнер мен спортқа машықтау қажеттігін айтқан болатын. Президент Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның “Арт спорт” атты бірегей жобасын қолдап, жеткіншектерге үйірмелерді тегін қылуды тапсырды. Осы жобаның аясында біз “Радуга” студиясын құрдық. Ата-аналар балаларын бізге қуана-қуана әкеліп жатыр.

Сондай-ақ, бүгін сахнада “Парапа” би студиясының бишілері де өз өнерлерін паш етті. Бұл шығармашылық ұжымның құрылғанына биыл – 4 жыл. Аталған студияда бидің қыр-сырын 100-ден астам бала танып жүр.

Дана Ешкенова