МТРА жаңалықтары

“Amanat” партиясының өкілдері жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

Бүгін “AMANAT” қалалық партиялық штабының мүшелері кәсіпкерлер палатасында іскер жандармен кездесті. Аманаттықтар алдағы уақытта Ата заңға енгізілетін өзгерістерді тілге тиек етіп, жаңашылдықтардың басым бөлігіне толығырақ тоқталып өтті.

Жаңа Қазақстан құрудағы басты қадамдардың бірі – суперпрезиденттік басқару жүйесінен бас тарту. Енді еліміз мықты Парламенті бар президенттік республика ретінде танылмақ. Нақтылай келгенде, өкілеттіліктің басым бөлігі депутаттарға беріледі.

МҰРАТ ЖӘКЕНОВ, “AMANAT” қалалық партиялық штабының мүшесі:

 – Конституцияның үштен бір бөлігі толығымен жаңарады. Мысалы, Ата заңдағы Жаңа нормалардың бірі жер мәселесіне қатысты. Яғни, Конституцияның 6-бабының 3-тармағына мынадай өзгерістер енгізілмек. Енді жер және оның қойнауындағы байлық халыққа тиесілі болмақ. Ал мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы.

Кездесу барысында жеке кәсіпкерлер де орын алатын өзгерістерге қатысты өз ойларын білдіріп, кей заңдарды қайта қарастыруды ұсынды. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының консультанты Сәуле Жантілесова нәзікжандылардың зейнет жасын төмендету мәселесін қарастырған жөн дейді.

СӘУЛЕ ЖАНТІЛЕСОВА, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының консультанты:

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жыл сайын әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңімен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетуде. Қазір менің анам 59-да. Сонда ол осы заңға сәйкес тек 63 жасында ғана құрметті демалысқа шығады. Бұл жасқа кейбірі жетпей жатады. Сол себепті, нәзікжандылардың зейнетке шығу жасын қайта қарастыру қажет деп ойлаймын.

 МҰРАТ ЖӘКЕНОВ, “AMANAT” қалалық партиялық штабының мүшесі:

– Бұл мәселені бұған дейінгі кездесулерде де бірнеше адам көтерген болатын. Қазіргі таңда әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесі бірінші кезекте тұр деуге болады. Ұсынысыңызды Үкіметке міндетті түрде жеткіземіз.

Салық кодексіне қатысты да ой айтылды. Жеке кәсіпкер Наталья Апретованың сөзінше бұл кодекске енгізілетін жаңашылдықтарды кейде сала мамандарының өздері түсінбей жатады.

 НАТАЛЬЯ АПРЕТОВА, кәсіпкер:

 – Салық органдары кәсіпкерлерден салалық кодекске енгізілген жаңа талаптардың орындалуын талап етеді. Алайда, білікті мамандардың өздері енгізіліп жатқан жаңашылдықтарды бізге түсіндіре алмайды. Салық порталында да көптеген олқылықтар бар. Осыны қарастыруды өтінемін.

Бұл мәселені партияның өңірлік штабының мүшелері назарға аламыз деп сендірді.
Сондай-ақ, жиын барысында кәсіпкерлер аманаттықтардан қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау, бюджет қаражатын бөлу, петропавлдық мектептерді жылыту маусымына уақытылы дайындау секілді мәселелерді қарастыру қажеттігін де ұсынды.

Дана Ешкенова