МТРА жаңалықтары

Петропавлда билер форумы өтті

Бүгін Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ісін жалғастырған жандар Петропавлда арнайы форумда бас қосты. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 10-ға тарта би келген. Кездесуде ортаға тасталынып, талқыға салынатын тақырып – дауды сотқа дейін жеткізбей шешу. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазақтың ұлы батыры Қожаберген жырау, данышпан жырау Шал ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың, көркемсөздің зергері Ғабит Мүсіреповтың кіндік қаны тамған қасиетті өңірге қош келдіңіздер. Өңір басшысы Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың атынан билер форумының ашылуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Біздің облыс орталығында билер форумы алғаш рет өткізіліп отыр.

Билер институтын құруға елімізде 2011 жылы пайда болған халықаралық медиация орталығы мұрындық болған екен. Шет елден келген ұғым осылайша біртіндеп өз ата ісімізді жандандыруға септігін тигізген. Қаз дауысты Қазыбектің төрелігін жалғастырғандардың бірі – Талғат Балтаев. Бүгінде азамат алматылық тұрғындардың мәселелерін қарастырып, дау-дамайдың шешілуіне ат салысып жүр.

ТАЛҒАТ БАЛТАЕВ, би, Алматы облысы

– Мәселелер көп. Біздің отандастарымыздың көбісі кредит алады, біразы оны қайтара алмайды. Сол мәселені шешеміз. Сосын отбасы мәселесі де бар. Барлық мәселе шешіледі деп айтуға болмайды. Өйткені, заң бар. Оны бұзуға болмайды. Біз бәрін заң аясында жасаймыз.

Билер институтына мүшелік ететін билердің барлығы жоғары білімді, түрлі саланы меңгерген. Ең бастысы, заң тұрғысында сауатты.

ҚАЙРАТ ТҮЛЕКЕЕВ, Халықаралық медиация орталығының эксперті, Нұр-Сұлтан қаласы:

-Іштерінде заңгерлер де бар. Бәрінің де тәжірибелері бар. Біз медиаторлар мен билерді дайындағанда біз заң жағынан және психология жағынан үйретеміз. Сондай-ақ, тілге шешен болуы тиіс.

Форумнан кейін билер азаматтық қабылдау өткізіп, тұрғындардың бұйымтайларын тыңдады.

Алдияр Айтпаев