Аптадағы маңызды жаңалықтарСпорт

Облыс әкімі “Kuanish” ВК ойыншыларын құттықтады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ
– “Kuanish” волейбол клубының тарихы айтарлықтай тереңде емес. Команда осыдан 8 жыл бұрын Тимирязев ауданында құрылды. Бастапқыда ұжым сапында тек ауыл қыздары ойнады. Ал бертін келе қатарға мықты спортшылар қосылды. Осылайша, өзге құрамалармен терезесі теңесті. Көпке мәлім, жақында біздің бұрымдылар клубтар арасында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Бүгін жеңімпаздарды облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтамақ.

Дүйім жұрт Семей төрінде сенімді ақтаған сұлуларды қошеметпен қарсы алды. Міне, чемпиондар ортада тұр. Кіл мықтылар сынға түскен жарыста қарсылас шақ келтірмеген волейболшыларды облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-Өткен Азия чемпионатында біздің қыздар ерлік көрсетіп, чемпион атанды. Бұл Азия контингентінде үлкен сенсация болды. Қыздарымыз қуаныш әкелді. “Қуаныш”-тың үлкен жеңісімен баршаңызды құттықтаймын!

Қуаныштық қыздар құрметке лайық. Облыс әкімі әр волейболшыға – Құрмет грамотасын, ал клуб мүшелеріне Алғыс хатын табыс етті. Марапат мұнымен шектелмейді. Құмар Ақсақалов ұжымға 10 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Салтанатты жиынға волейболшылар да құр алақан келмепті. Команда капитаны Татьяна Алдошина өңір жетекшісіне ойыншылардың қолтаңбасы қойылған допты сыйға тартты. Бұл жеңіс қыздарға оңайлықпен келген жоқ. Солтүстікқазақстандық ұжым сарықұрлықта үздік атану үшін жылдап күш жұмсады.

ҚАЙЫРБЕК ХАМЗИН, “KUANISH” ВК ДИРЕКТОРЫ:

– Бұл волейбол клубы 2014 жылы құрылды. Біраз тер төгілді, біраз қаражат жұмсалды. Бөлінетін қаражат көлемі жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Осы жеңіспен сіздердің үміттеріңізді ақтадық деп ойлаймыз. Әрі қарай жалғастырамыз.

Марапаттаудан кейін өскелең ұрпақ, чемпиондардың ізбасарлары волейболшылармен суретке түсу, қолтаңба алу мүмкіндігін иеленді. Ұл-қыздар әр спортшыны жан-жақтан қаумалады. Тіпті, кейбір балалар үстіндегі курткаларына қол қойдырып жатты.

Волейболшылармен тілдесу мүмкіндігі әрең туды. Клубтар арасында өткен Азия чемпионатында “Үздік либеро” атанған Сәбира Бекішованы сөзге тарттық. Тимирязев ауданының тумасы жарыста жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ол ойын алаңында қатты жылдамдықпен ұшқан доптардың 51 пайызын сәтті қабылдапты. Финалдық матч әлі көз алдында екен.

СӘБИРА БЕКІШОВА, “KUANISH” ВК ОЙЫНШЫСЫ:

– Біз бұған дейін “Altay” командасына ұтылып келдік. Тіпті, маусымда бір партияда да жеңіске жетпедік. Ал осы жарыста айымыз оңынан туды. Басты қарсыласымызды 2 де 3 есебімен жеңдік. Бұл матчты ұмыту мүмкін емес. Әлі де аянбай еңбек етеміз. Алда клубтар арасында өтетін әлем чемпионаты тұр.

Қолда бар дерекке сүйенсек, клубтар арасындағы әлем чемпионаты осы жылдың соңында өтеді.

Байболат Култанов