МТРА жаңалықтары

Ерік Сұлтанов облыс активімен жүздесті

Күннің екінші жартысында депутат Ерік Сұлтанов облыс активімен жүздесті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өткен жиында алдағы республикалық референдум жайлы айтылды. Қазір Қазақстанда заңды Сенат қабылдайтыны жалпақ жұртқа жақсы мәлім. Соңғы нүктені, әрине, Президент қояды. Маусымдағы бүкілхалықтық дауысқа салудың қорытындысы бойынша бұл үрдіске өзгеріс енгізілмек. Келешекте жауапкершілік жүгін Мәжіліске жүктеу көзделген.

ЕРІК СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Жаңа Конституцияның жобасында осы жұмысты Мәжіліске ауыстыратын боламыз. Сенат оны қолдайтын немесе қолдамайтын болады. Қолдамаған жағдайда заң жобасы кері қайтарылады. Осыған орай келісім комиссиясы құрылады. Сенат пен Мәжіліс комиссияның шешімін қолдаса, заң Президентке жолданады.

Неге мұндай өзгеріс орын алмақ? Әлемнің бірқатар елінде осындай үрдіс қалыптасқан екен. Осыдан Қазақстанның шетелдік тәжірибені енгізуді жоспарлап отырғанын ұғынуға болады. Қазір қоғам арасында “Өзгерістің қажеті жоқ еді” деген пікір ұстанушылар болуы мүмкін. Ерік Сұлтанов бұндай жандарға Еуропаға назар аударуға кеңес береді. Батыс жаңашылдыққа жақын.

ЕРІК СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Мысалы, Швейцария 1999 жылы кезекті Конституцияны қабылдады. Одан 22-23 жыл өтті. Осы аралықта 10 рет өзгеріс енгізген. Сондай-ақ, Белгия 1994 жылы қабылдаған Конституцияға 29 рет өзгеріс енгізген.

Сенат депутатының сөзінше, уақыт алға жылжып, қоғам жаңарған сайын елде ауқымды өзгеріс болуы тиіс. Сонда ғана жылдар бойы қалыптасқан жүйе өзгереді. Ал бұл өз кезінде мемлекеттің дамуына, демократияның орын алуына алып келеді.

Байболат Култанов