МТРА жаңалықтары

ҮЙ МАҢЫНДАҒЫ АВТОТҰРАҚТАР ЖАЙЛЫ

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ , тілші:

йімнің маңында көлік қоятын орын жоқ. Көршілерім сыммен, темір шынжырмен, тормен жалпыға ортақ ауланы бөліп, өздеріне шағын автотұрақ жасап алған. Жақында арнамызға осындай шағыммен бірнеше қала тұрғыны жүгінді. Бұл қаншалықты заңды? Осы сұраққа жауап беріп көрейік.

Бұл – Брусиловский көшесіндегі 5 пен Совет көшесіндегі 36-шы үй арасындағы аумақ. Соңғы аталған мекенжайдың тұрғындары есік алдына шлагбаум қойып, ауланы бөліп алыпты. Қоршаудың ішінде бірнеше темір тұлпар тұр. Бұған көрші үйдің тұрғындары қарсы.

ВЛАДИМИР БУШТАРЕНКО , қала тұрғыны:

-Алып қарайтын болсақ, бұл – 2 үйге тиесілі аумақ. Ауламыз өзі шағын ғана. Бір шетінен қоршалып, көрші баспананың тұрғындары ғана қолданғаны ыңғайсыздық тудырып отыр. Оның үстіне Совет көшесі, 36 мекенжайы бойынша тұратын адамдар бізбен кездесу өткізбеді. Яғни, өздері шешім қабылдап, осындай іске барды.

Түсірілім барысында осы үйде тұратын адаммен де тілдесу мүмкіндігі туды. Бірақ, ол сұхбат беруден бас тартты. Айтуынша, ауланың бір бөлігі осыдан 10 жыл бұрын тұрғындарға қалалық әкімдіктен кондоминиумға, яғни пайдалануға беріліпті. Сондықтан, осындай қоршау жасап алған екен.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ , тілші:
Ал мына шлагбаумды Брусиловский көшесі, 5 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тұрғыны қойып алыпты. Бұған өзге тұрғындар қарсылық танытады. Сөйтіп, көршілердің арасында дау туады. Даудың соңы шлагбаумдағы құлыпты темір кесетін арамен кесуге дейін алып келеді. Көршілер мына аумақ барлығына ортақ болуы үшін осындай қадамға барған екен.

Ауланың бір бөлігі қоршалған, ортада құлпы кесілген шлагбаум тұр, онымен қоймай мына жақта гараждар орналасқан. Осылардың барлығын қосып қараса, кез келген адам “аумақта көлік қоятын жер тапшы” деген ойға келеді.

ВЛАДИМИР ДАНИЛЬЧЕНКО , қала тұрғыны:
Бірнеше мемлекеттік органға жүгіндім. Бір мекемеге барып, мәселемді айтсам, келесісіне сілтейді. Әзірге, еш нәтиже болмай тұр. Ауламыз өте тар. Балалар үшін жасалған ойын алаңы да мүлде көңілімізден шықпайды. Тағы бір айта кетерлігі, гараждардың иелері Брусиловский, 5-те емес, қаланың өзге аудандарында тұрады.

Балалар үшін жасалған алаң шынымен де тар. Мұндағы дүниелердің тозығы жеткендіктен жаңартуды қажет етеді әрі алаңқай ескірген нысанға өте жақын орналасқан.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

Келесі шағым Абай көшесінде орналасқан 61 үйдің тұрғынынан түсті. Мұндағы адамдар шлагбаумның шағын түрін қолданған екен. Өздеріңіз көріп тұрғандай, құлып бар. Осыған қарағанда көлік иесі кілтпен ашып, осы жерге өзінің ғана машинасын қоятын сыңайлы.

Мұндай мәселені қалай шешеміз? Көлік қоятын орын таппай жүрген тұрғындар полицияға хабарласа алады. Мамандар заңбұзушылықтың барын анықтаса, пысықай тұлғаға ескерту жасайды немесе Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойыншы айыппұл салады.

СЕЙІЛБЕК ЕЛЖАСОВ, қалалық ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Егер азамат заңсыз автотұрақ жасағанын мойындаса, ескерту жасалады. Егер бұзушылық қайталанса, 5-тен 100 АЕК дейін айыппұл салынады.

Олқылық түзелмесе қалалық әкімдікке қарасты Жер қатынастары бөліміне жүгінуге болады. Мұндағы мамандар мәселені бастан-аяқ қарайды. Соңында аумақтың белгілі бір тұлғаға емес, мемлекетке тиесілі екені анықталса, заңсыз автоқұрақты жою бойынша шара қолданады. Таяқтың келесі ұшын қарастырайық. Жерлестеріміз жергілікті билік арқылы көлік қоятын орын жасата да алады. Ол үшін кооператив төрағалары жиын өткізіп, барлық тұрғынның қолын жинауы керек және өтінішті Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тапсыруы тиіс.

БОЛАТ ЖҰМАБЕКОВ , Петропавл қаласының әкімі:


 – Өткен жылы қаламызда автотұрақ салу жұмысы жүргізілді. Биыл бұл шаруа жалғасын табады. Қолымызда тізім бар. 2022 жылы біз 26-ға тарта көлік тұрағын жасауымыз қажет. Балалар алаңқайын да назардан тыс қалдырмаймыз. Бүгінге дейін ойын алаңы бойынша тұрғындардан 87 өтініш келіп түсті.

Байболат Култанов