МТРА жаңалықтары

РЕФЕРЕНДУМНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ТҮСІНДІРІЛУДЕ

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, тілші:

– Қазіргі күні референдумды қоғамдық қолдаудың облыстық штабына 23 адам мүшелік етеді. Қатарда білікті заңгерлер, тарихшылар, сарапшылар мен блогерлер де бар. Бір сөзбен айтсақ, көзі ашық, көкірегі ояу белсенді жандар халыққа Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруде. Бүгін мамандар Ғабит Мүсірепов атындағы кітапханада Қозыбаев университетінің студенттерімен кездесу өткізді.

Үстел басында студенттер мен белсенді жандар Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қызу талқылап жатыр. Референдумды қоғамдық қолдау тобының мүшелері жастарға жаңашылдықтар жайлы түсіндіруде. Ал ұл-қыздар болса жаңа заңдардың көңілге қонымды тұстары жайлы өз ойларын білдіруде.

ГҮЛМИРА БАЯНДИНА, Қозыбаев университетінің студенті:
– Жалпы, Президентіміздің Конституцияға енгізетін өзгерістері үшін қуаныштымын. Өйткені, бұл біздің еліміздің дамуына серпін береді.

Жаңарған Конституцияны жалпыхалықтық дауысқа салу маусымның 5-сі күні өтеді. Осы аралықта мамандар өңірде 2 мыңнан астам кездесу өткізбекші. Белсенді жандар іс-шаралардың 900-ге жуығын қала көлемінде өткізуді жоспарлап отыр.

КҮЛІМКӨЗ СМАЙЫЛОВА, референдумды қоғамдық қолдау облыстық штабының мүшесі:

– Мұндай кездесулер барлық кәсіпорындар, мекемелер, денсаулық сақтау мен білім беру ұйымдарында болады. Бүгін біз Қозыбаев университетінде оқитын болашақ заңгерлермен кездесіп жатырмыз.

Осындай кездесу бүгін облыстық кәсіподақ ұйымында да өтті. Жиын барысында жергілікті мамандар Шығыс және Батыс өңірлері мен Шымкент қаласындағы әріптестеріне онлайн байланыс арқылы қосылып, алдағы жұмыс барысын талқылады, жоспар құрды.

ЕРІК НҰРАҚАЕВ, «СҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:

– Бүгінде референдумды өткізу бойынша жұмыстар басталып кетті. Штабтар да құрылды. Бүгін кесте жасалып, жұмыс жоспары бекітілді. Осыған орай әр ұйымда түсіндіру жұмыстары өткізіледі.

Жалпы, қазіргі күні облыс бойынша референдумның маңыздылығын түсіндіруге ат салысып жүрген 2044 азамат бар. Белсенді жандар әр солтүстікқазақстандықты маусым айының 5-сі күні өтетін жалпыхалықтық таңдауға қатысуға шақырады.

Бердимурат Баймухан