Аптадағы маңызды жаңалықтар

ОБЛЫСТА ИНФЛЯЦИЯ ДЕҢГЕЙІ 6,7 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАДЫ

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, тілші:

– Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында облысымыздағы бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 203 мың 385 теңгені құрады. Бұл санды естіген қарапайым жұмысшы жағасын ұстап, өз құлағына өзі сенбеуі мүмкін. Бірақ, статист мамандар аталған соманы жұмысшыға берілетін қосымша ақылар, сыйақыларды, салықтар мен басқа да ұсталымдарды есепке ала отырып шығарыпты. Дегенмен, өсім шынымен де бар. Егер өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ көрсеткіш бақандай 22 пайызға артқан.

ЖҰЛДЫЗ НҰРҒАЛИЕВА, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Салалық құрылымда ең жоғарғы атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде – 299 мың 895 теңге, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда 296 мың 251 теңге тіркелді. Ал атаулы жалақының ең төмен деңгейі әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметте – 112 мың 260 теңге және жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 110 мың 058 теңге белгіленді.

Мынадай ақпармен де бөлісе кетейік. Елді мекендер арасында жұмысшыларына ең көп жалақы төлейтін Қызылжар ауданы екен. Ал ең төмен еңбекақы мөлшері Айыртау мен Тимирязев аудандарында тіркелді. Бұл барлық салаларды қоса есептегендегі көрсеткіш болғандықтан, статистика әлі талай мәрте құбылады дейді мамандар. Себебі, нәтижеге ауыл шаруашылығындағы өзгерістер де әсер етеді. Тағы бір айта кететін жайт, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша инфляция деңгейі 6,7 пайызды құрады.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, тілші:

– Азық-түлік өнімдерінің бағасында да біраз өсім бар. Мәселен, жыл басынан бері макарон, сүт өнімдері және жарма түрлері 13,14 және 15 пайызға дейін қымбаттапты. Ал жас көкөністерге баға тіпті шарықтап кетті. Мысалы, қарапайым қырыққабаттың бағасы биыл 2,5 есеге қымбаттапты. Егер өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ мұның құны 3 есеге артқан.

Бірнеше айдан бері қоғам арасында қызу талқыланған құмшекердің құны әлі де арзандаған жоқ. Қанттың бағағасы 29,4 пайызға қымбаттады. Ал жұмыртқа болса керісінше 4 пайызға арзандады. Жанар-жағармайдың жайын да айтпай кетпеске болмайды. Биыл бензин – 1,5 пайызға, дизель отыны – 0,4-ке, ал сұйытылған газдың бағасы 17 пайызға төмендепті.

ЖҰЛДЫЗ НҰРҒАЛИЕВА, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Сондай-ақ, жыл басынан халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер бағасы өскен. Мысалы, пошта қызметтері – 14,1, амбулаторлық қызметтер – 7,9, мәдени іс-шара аясындағы қызметтер 4,5 пайызға өсті. Тұрғын үй-жайды жалға беру бағасы 5,3 пайызға ұлғайды.

Жалпы, облыс аумағында саудаланып жатқан тауар бағаларының барлығында дерлік азды-көпті өсім бар. Мәселен, тұрмысқа қажетті дүниелердің құны да биыл 7,6 пайызға дейін артыпты.

Бердимурат Баймухан