ТЖ

Қапай ықшам ауданында болған өрттің зардабы орасан

 

Қапай ықшам ауданында болған өрттің зардабы орасан.

ДАНА СӘЛІМҚЫЗЫ, тілші

– Мамырдың 9-ы күні кешкі 6 кезінде бұл жерде қамыс отқа орнып, қызыл жалын жақын маңдағы үйлерге тарады. Тілсіз жаудың салдарынан 2 бірдей жанұя баспанасыз қалды.

Баспанасыз қалғандардың бірі – Гульвира Викторенко. Қызыл жалын бас көтерген кезде нәзікжанды қонақта болған. Ал құтқарушыларға оның туған ағасы хабарласып, төтенше жағдай орын алғанын хабарлаған. Келіншек оқиға орнына жүгіріп келгенше өрт сөндірушілер де іске кірісіпті. Мамандар өрттің тарау қарқынын бәсеңдету үшін жанып жатқан қамысты сөндіруге басымдық берген.

ГУЛЬВИРА ВИКТОРЕНКО, зардап шегуші:

– Мен оқиға орнына жүгіріп келген кезде үйдің жанындағы қоршаудың жанып жатқанын көрдім. Қатты желдің салдарынан 2 үй қас пен көздің арасында күлге айналды. Баспана ішінен ештеңе алып үлгермедік. Құжаттардың барлығын келесі күні қирандылардың арасынан әзер таптық. Әйтеуір, анам құжаттарды қауіпсіз жерге жасырып қойған екен. Маңызды дегендерінің біразы бүлінбепті.

Тілсіз жаудан адамның өзіне зақым келген жоқ. Алайда, баспанасыз қалған тұрғындарға қолдау қажет.

ДАНА СӘЛІМҚЫЗЫ, тілші:

-Бұл жерде орналасқан баспананың қазіргі күйіне қарап жан түршігеді. Жер үйден күйік шалған қабырғалары ғана қалған.

Қабырғалар күйік шалған бұл үйді осындан 43 жыл бұрын Гульвира Викторенконың әкесі өз қолымен салған. Ал қазір бүтін бір жанұя шаңырағынан айырылып, туған-туыс пен дос-жаранның баспанасын паналауда. Нәзікжанды көзіне жас алып, бұл өмірде жомарт жандардың бар екенін айтты.

ГУЛЬВИРА ВИКТОРЕНКО, зардап шегуші:

– Осындай қиын кезеңде қол ұшын созып жатқан жомарт жандарға алғысымды білдіремін. Танымайтын адамдардың өздері бізге хабарласып, киім-кешек, төсек-орын секілді дүниелерді әкеліп жатыр. Кейбірі тіпті шама-шарқынша ақшалай көмек көрсетуде. Мұндай қиын жағдай ешкімнің басына тумасын”.

Ал үкімет тарапынан мұндай жандарға қандай көмек көрсетіледі? Гульвира Викторенко бұл сұрақпен қалалық әкімдікке жүгінген. Өкінішке қарай, үйлері жанып кеткен жандарға ешқандай материалдық көмек қарастырылмаған көрінеді. Алайда, үй иесіне әлеуметтік көмекке жүгінуге болады.

ЮЛИЯ БІРЖАНОВА , қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

– Өрт салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған меншік иелеріне әлеуметтік көмек қарастырылған. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 АЕК-ті құрайды. Бұл дегеніміз, зардап шеккен жанға 306 мың теңге көлемінде қаржы төленеді. Әлеуметтік көмекті алу үшін жұмыспен қамту бөліміне жүгіну қажет”.

Жыл басынан мұндай көмек 11 петропавлдыққа көрсетіліпті.

Дана Ешкенова