COVID-19: Қазақстан

ӘЛЕМДЕ ТӘЖ ВИРУСЫНАН ӨЛІМ-ЖІТІМ КӨРСЕТКІШІ ТӨМЕНДЕП ЖАТЫР

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

-Кесірі бүкіл әлемге тиген қатерлі вируспен 2 жылдан астам уақыт күрестік. Шектеулердің салдарынан шекара аспай, қоғамдық орындарға қадам баспай, біраз әбігерге түстік. Қуанышымызға орай, көктемде Қазақстанда карантиндік талаптар біртіндеп алынып тасталды.

Карантиндік талаптар алынды деп жағаны жайлауға жіберуге болмайды. “Жау жоқ деме, жар астында” демекші, вирус бар. Өткен тәулікте індет 13 отандасымыздың бойынан анықталыпты. Науқастанған жандар – Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақтөбе және Қарағанды облыстарының тұрғындары. Айта кету қажет, қазіргі таңда еліміз COVID-тың таралуы бойынша 50-ші орында тұр. Енді жаһандағы жағдаймен бөлісейік. Соңғы аптада әлемде дерт жұқтыру көрсеткіші 12%-ға төмендеді.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

-Вирустың таралуы бойынша соңғы орында Солтүстік Корея тұр. Аталған мемлекет билігі бүгін алғаш рет COVID-қа шалдығу дерегі тіркелгенін хабарлады. Науқас “стелс-омикрон” штамын жұқтырған. Естеріңізде болар, бұған дейін Солтүстік Корея өз аумағында коронавирус жоқ деп мәлімдеп келді”.

Жалпы, коронавирус әлемге пайда болғалы індетті жарты миллиард адам жұқтырған.

Алдияр Айтпаев