Спорт

“Qyzyljar” мен “Taraz” тең түсті

“Qyzyljar” турнирлік кестенің көш басында тұрған “Taraz”-бен тең түсті. Футболдан Қазақстан чемпионатының 10-шы тур аясында Нұр-Сұлтан қаласында өткен матч 1 де 1 есебімен аяқталды.

Бұл кездесуде теріскейлік жігіттер ширақ көрінді. Алғашқы таймда қайта-қайта шабуылдап, алға шығудың қамын жасап бақты. Бірақ, тепкен доптары қақпашының уысынан табылды, маңдайшадан кері серпілді. Әйтеуір, торда туламады. Ал екінші таймда жерлестеріміздің жолы болды. 79-ші минутта шабуылшы Мишель Нкололо шеберлігімен танылды. Дегенмен, көп ұзамай жамбылдықтар таразы басын теңестірді. Төреші белгілеген күмәнді пенальтиден Елдос Ахметов мүлт кетпеді. “Qyzyljar”-дың келесі қарсыласы – “Atyrau” клубы. Ойын мамырдың 14-і күні сырт алаңда өтеді. Басталу уақыты – 18:00.

Байболат Култанов