Әр түрлі

ПЕТРОВКА АУЫЛЫНДА ЖЕҢІС АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Петровка ауылының тұрғындары жыл сайын Жеңіс күніне орай ескерткіш алдына жиналады. Олар қанды майданда қаза тапқан ерлердің ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етеді.

Биыл ағайын Жеңіс күнін жаңа орында қарсы алуда. Жергілікті атқамінер соғыстан оралмаған жерлестері үшін ескерткіш орнатыпты. Қара таста ардагерлердің есімі қашалған. Ал оның дәл ортасына аллеяның ашылуына себепкер болған Марат Қабдөшев есімді азамат атасының өмірбаянын жазған. Жақынының қай жерде қаза тапқанын ұрпағы ұзақ іздестіріп, 2014 жылы ғана тауыпты.

МАРАТ ҚАБДӨШЕВ, «Мәдениет» жекеменшік қорының директоры, Есіл ауданы:

– Аллея атамның туған бауырына арналады. Себебі, ол кісі соғыста із-түссіз жоғалып кетті. Мен оны ұзақ іздедім. Рүстем атамыз соғысқа 43 жылы аттанған. 2 жылдан кейін науырыз айында Венгрия мемлекетінде фашистерге қарсы ұрыс кезінде қаза тапқан.

Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға жиналған халықтың қарасы көп. Ауылдағы ағайынды Жеңістің 77 жылдығымен облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтады.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Құрметті солтүстікқазақстандықтар, Жеңістің 77 жылдығын тойлап жатырмыз. Бұл аллея ата-бабаларымыздың есімін келешек ұрпаққа ұмыттырмау үшін ашылып жатыр.

Тарихи орынның ашылуына тұрғындар дән риза. Үлкендер мен жастар игі іс тындырған кәсіпкерге алғыстаны білдірді. Жалпы, кәсіпкер аллея мен ескерткішті салу үшін 8 млн теңгеге жуық қаржы жұмсапты.

Бердимурат Баймухан