Аптадағы маңызды жаңалықтар

ОБЛЫС ӘКІМІ ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВТЫҢ СҰХБАТЫ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сұхбат берді. Өңір жетекшісіне қойылған алғашқы сұрақ қоғамның қызу талқысына түскен 2-Жылу электр орталығына қатысты болды. Іргелі қуат ошағының құлаған мұржасына сараптама тағайындалғаны мәлім. Соның қорытындысы бойынша қайта қалыпқа келтіру жүргізіледі немесе жаңадан құрылыс басталады. Қолға алынған шаруа бұл ғана емес. Алдағы қысқа дейін нысандағы 9 қазандық күрделі жөндеу көрмек. Бұған кәсіпорын 17,5 млрд теңге бөліпті. “Біздің басты мақсатымыз – келесі маусымға сақадай сай болу”,- деді аймақ басшысы.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Премьер-министр Жылу электр орталығында болған кезде барлық жұмыс акционерлер есебінен жүргізілсін және тариф көтерілмесін деген тапсырма берді. Мұнымен жауапты тұлғалар келісті. Сонымен қатар, тиісті шаруа алдағы қысқа дейін тәмамдалатындығын мәлім етті. Енді апаттың орын алу себебіне келейік. Қазір мұржаның не себепті құлағанын арнайы комиссия тексеріп жатыр. Әзірге, ресми ақпарат жоқ. Бұл деректі өзіміз асыға күтіп отырмыз.

Қазір өңіріміз 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында алға жылжуда. Осы аралықта Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға 1,8 трлн теңге бағытталмақ. Қомақты қаржы игерудің нәтижесінде не өзгереді?

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2025 жылдың соңына таман ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемі 1,5 есеге артады. Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіш 2 есе өседі. 26 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орны ашылады. Елді мекен тұрғындарын сумен қамтамасыз ету – 100%, ал жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 98% жетеді.

Сұхбат барысында Құмар Ақсақалов алдағы егіс жұмыстарына тоқталды. Биыл өткен жылдағыдай алқаптарда ылғал қоры аз. Бұл өз кезегінде күзде жиналатын өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда не істейміз? Әрине, агротехнологияға мән берген жөн.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Күзде қамбаны толтыру үшін тұқым жаңартамыз, алқаптарда ылғалды сақтау технологиясын қолданамыз, заманауи техника аламыз. Міне, осы және өзге де жұмыстар атқарылады. Бүгінгі күні диқандар тұқым және жанар-жағармаймен толыққанды қамтылды. Сорт жаңарту көрсеткіші 9 пайыздың маңайында. Ауа райының жылынғандығын күтіп отырмыз. Жақын арада шаруа басталады.

Ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылатын жоспар ауқымды. Облыс әкімі бірқатар жобана тілге тиек етті. Биыл аққайыңдар өлкесінде 2 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, 8 тауарлы-сүт фермасы және 1 жылыжай тапсырылады. Солтүстік Қазақстан облысында жалақы төмен. Бұл – қоғам арасында жиі талқыланатын мәселе. Аймақ басшысы аталған проблема бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын айтты. Нәтиже бар. Былтыр жерлестеріміздің табысы 19,6 пайызға артыпты.

Байболат Култанов