МТРА жаңалықтары

ЕЛІМІЗДЕ МАУСЫМНЫҢ 5-І КҮНІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ӨТЕДІ

«Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет». Осы қағиданы ұстана отырып Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы:

– Биылғы жылы Қазақстан жаңаша тарихында жаңа бір парағын ашты. Наурыз айында жария етілген мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген кешенді іс шараларды жүзеге асыру мақсатында конституциялық өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленді. Жаңа жоба 6-шы мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. 5-ші маусымда республикалық референдум өтпек.

Реформаға сәйкес Конституцияның үштен бір бөлігі толығымен жаңарады. Нақтырақ айтқанда, Ата заңның 33 бабына 50-ден астам ауқымды толықтыру енгізіледі. Енді заң жобасының негізгі жаңалықтарына тоқталсақ.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы:

– Бұл заңда көзделген жаңалықтарды бірнеше топқа бөліп қарастырған жөн. Бірінші – Супер Президенттік басқару жүйесінен Президенттік басқару жүйесіне көшу. Президенттік басқару жүйесі бізде қолданыстағы Конституция қабылданған кезде енгізілді. Күшті президенттік билік Тәуелсіздіктің басында әр түрлі салаларда түбегейлі реформалар жүргізуде қажет болды. Бірақ, көп уақыт өтпей-ақ, 98-ші, 2007 және 2017 жылғы өткізілген конституциялық реформалар барысында мемлекет басшысының өкілеттіліктері біртіндеп басқа мемлекеттік органдарға беріле бастады.

Сол үрдіс алдағы 4-ші конституциялық реформада да жалғасын тауып отыр. Президенттің бірқатар өкілеттіліктен бас тартуы, саяси партиядағы төрағалығын тоқтатуы еліміздегі саяси ұйымдардың арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.

Бақыт Нұрмұханов – ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы:

– Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» қағидасының аясында өкілді мемлекет билік органдарының мәртебесі, өкілеттіліктері күшейтілмек. Оған парламент, мәслихаттар жатады. Парламент – шын мәнінде заң шығарушы, халықтың мүддесін қорғайтын өкілді орган ретінде қос палатаның құрылу тәртібі, жұмыс жасау принциптері өзгертіліп жатыр.

Дана Сәлімқызы:

– Заң шығару процесінде де елеулі өзгерістер орын алмақ. Негізінен, заң шығару құқығы мәжіліске тиесілі болады. Яғни, заң шығару бастамасы мәжілісте іске асады, ал сенат жоғары палата ретінде тек мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау немесе қабылдамау құқығына ғана ие болады.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы:

– Үлкен жаңалықтың бірі – мәжіліс сенатпен келіспеген жағдайда 2/3 дауыспен оны еңсере алу құқығына ие болады. Мұндай жағдайда заң бірден Президенттің қол қоюына ұсынылад.

Реформа аясында Конституциялық сот құрылады. Мұндай жүйе әлемде 118 мемлекеттің 70-інде ғана жұмыс істеп тұр. Ал 12 республикада конституциялық кеңес бар.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат басшыс:

– Сондықтан, Президент әлемдегі ең озық тәжірибені алып отыр деп айтуға болады. Конституциялық соттың ең үлкен артықшылығы – азаматтар мен ұйымдардың шағымдану құқықтарының болуы.

Ата заң – кемел келешек кепілі. Осы орайда Конституциялық кеңестің аппарат басшысы Бақыт Нұрмұханов сөзін қорытындылай келе маусымның 5-і күні өтетін бүкілхалықтық референдумға біркісідей ат салысу қажеттігін айтты.

Дана Ешкенова