Әр түрлі

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді

Қожатай Некібаев қан майданға небәрі 17 жасында аттанды. Оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арасында азамат 1,5 жыл ғұмырын сарп еткен. Осы уақыт аралығында жауынгер Украина, Чехославакия мен Австрия сынды елдерді фашистерден азат етуге ат салысқан. Ал көптен күткен, көппен күткен азаттықтың ақ таңын майдангер Венада қарсы алған екен. Енді міне бірер күнде ақсақал кеше ғана арман болған Ұлы Жеңістің 77 жылдығын тойлайды.

Қожатай Некібаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Жүгіріп келе жатқанымызда оқ ысқырып, жан-жағымыздан өтіп жатты. Снарядтар да дәл жанымызда жарылатын. Етпетімізден құлайтынбыз. Сосын кішкене дегеннен кейін түрегеліп, қайта соғысатынбыз. Міне, сүйтіп жүріп аман-сау қалдық.

Бүгінде соғыс десе төбе шашымыз тік тұрары анық. Қожатай қарияның да тілегі бір.
Соғыс болмасын, ұрпақ бейбітшілікте өмір сүрсін.

Бүгін жеңіс үшін қан майданда соғысқан ардагерді “AMANAT” партиясының өкілдері Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен құттықтай келді. Бір шоқ гүл мен арнайы сыйлықтарын әкелген қонақтарды Қожатай Некібаев қуана қарсы алды. 96 жастағы ақсақал мамандардың көрсетіп жатқан сый-құрметтеріне ризашылығын білдіріп, батасын да берді. Жалпы, қазіргі таңда облыста сұрапыл соғысты өз көзімен көрген 15 азаматтың көзі тірі. Оның 13-і облыс орталығында тұрады.

Алдияр Айтпаев