Ауыл шаруашылығы

Премьер-Министр өңір аграрийлерімен кездесті

 

Өңірде 5 жыл ішінде сүт өндірісі 30%-ға, ал оны қайта өңдеу 57%-ға өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алған беттен қайтпау керек. Ал мемлекет өз кезегінде фермерлерді қаржыландыру мәселелері бойынша жұмысты жалғастырады деді премьер-министр. Үкімет басшысы облыста салынып жатқан тауарлы-сүт фермаларының құрылыс қарқынына оң бағасын берді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Өткен жылы өңірде 8 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды, келесі жылы тағы 10-нын салуды жоспарлап отыр екенсіздер. Бұл – өте маңызды бастама. Өйткені, біз әлі де сүт өнімдерін импорттаймыз, осы орайда өз-өзімізді толық қамтамасыз етуіміз керек. Үкімет тарапынан агроөнеркәсіпті қаржыландыру мәселесіне басымдық беріп отырмыз. Бізде ауыл шаруашылығындағы инвестициялар бойынша жақсы динамика бар. Бұл бағыттағы динамиканы күшейткіміз келеді.

Қаржы тартуда да оң өзгеріс бар. Өткен жылы облыстың агро саласына 160 млрд теңге инвестиция құйылған екен. Бұл барлық республика бойынша көрсеткіштің төрттен бір бөлігін құрайды. Ал бір ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің өнімділігі 5,3 млн теңгеге дейін өсті. Ішкі жалпы өнім көлемі 895 млрд теңгеге ұлғайған.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Биыл 3 млн гектар жерге дәнді дақылдар егіледі. Танаптарды әртараптандыру аясында майлы дақылдардың алқаптары 1 млн гектарға дейін ұлғайтылады. Сіздің тапсырмаңыз бойынша әлеуметтік маңызы бар қарақұмық пен күнбағыстың алқабы 10 мың және 103 мың гектарға ұлғаяды.

Іске асырылып жатқан жобалар жайлы да сөз болды. Таныстырылымнан кейін премьер-министр өңір аграрийлерімен кездесті. “Астық-СТЕМ” серіктестігінің басшысы Сергей Звольский салық мәселесі жайындағы ұсынысын айтты. Ол Әлихан Смайыловтан бірыңғай аграрлық салық енгізуді сұрады. Айтуынша қазіргі әдіс ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін тиімсіз.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Бірыңғай аграрлық салық бұл – әрине, үлкен мәселе. Біз аталған сұрақты зерттеп жатырмыз. Идеяны жүзеге асыратын болсақ, салық жүктемесі ірі компаниялардан шағын компанияларға өте бастайды. Сондықтан да ұсақ фермерлерге салынатын салықтың күрт өсуіне жол бермеуіміз керек.

Жергілікті шаруалар көпті толғандырған мәселе – өңдеуші кәсіпорындардың жетіспеушілігі туралы да айтты. Диқандар өздері өсірген астықтың оны үгу үшін неліктен Өзбекстанға жіберіліп жатқанын түсінбейміз дейді. Оның үстіне сол өнімді көрші елден 3 есе қымбат бағамен қайта сатып алуға тура келеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Өте орынды сұрақ. Біз қазір тауарларды өз елімізде өңдеу бойынша мәселені қарастырып жатырмыз. Сырт мемлекетке шығарған, әрине, тиімсіз. Бұл ретте тиісті шаралар қабылданады.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері де қозғалды. Үкімет басшысының сөзінше мемлекеттік қолдауға ие болу үшін әр аграрий нәтижелі жұмыс істеуі керек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Субсидия үлестіру жүйесін өзгерту керек. Себебі, мемлекеттік қолдау көрсетудің қазіргі әдісі тиімсіз. Бұл шешімді сіздермен бірге жүзеге асырамыз. Өнімділікті арттыру мәселесін жіті бақылауда ұстаймыз.

Бердимурат Баймухан