МТРА жаңалықтары

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов келді

Теріскейде трансформатор шығару ісі ағымдағы жылы бастау алды. Тың жоба 10 млрд теңге көлемінде құйылған инвестицияның арқасында жүзеге асты. Бұл қаржыға жарамсыз күйдегі нысан адам танымастай жөнделді, сан түрлі заманауи қондырғы қойылды. Қазір қыз-қыз жұмыс жүріп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында жасалған өнімның басым бөлігі шет елдерге экспортталады. Бүгіннің өзінде сырттан тапсырыс берушілер баршылық.

Нұржан Абдуллаев, Петропавл электротехникалық зауытының өндіріс жөніндегі директоры:
– Бізге Ресей, Әзірбайжан, Армения сынды елдерден тапсырыс түсіп жатыр. Өнім шығарылуда. Алғашқы партияны саудаладық. Зауыттың жылдың қуаттылығы – 13 мың дана трансформатор. Биыл 4 мың дана трансформатор шығарамыз деген жоспарымыз бар. Бұл көлемді орындай аламыз.

Әзірге, зауыт 1 млрд теңгенің тапсырысын қабылдапты. Бұл дегеніміз – 400 трансформатор. Жоспардың басым бөлігі орындалды десе де болады. Бел жазбай еңбек ететін мамандар бүгінге дейін 300 дана өнім шығарып, жартысын экспорттап үлгерген екен. Мұндағы жұмысшылардың дені – жалынды жастар. Солардың бірі – Абылайхан Әбді. Ол Петропавлға сонау Кентаудан келіпті. Мақсаты – білген-түйгенін жергілікті әріптестеріне үйрету.

Абылайхан Әбді, Петропавл электротехникалық зауытының қызметкері:
– Көңілімнен шықты. Мында толыққанды жұмыс істеу үшін жағдай жасалған. Балалардың барлығы үйретіп жатыр. Барлығының талпыныстары бар.

Өндіріс ошағы толық қуатқа алдағы 3 жылда шығады. Сол кезде мұндағы мамандардың саны шамамен 300-ден асып жығылмақ. Петропавл электротехникалық зауытының басшылығы жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Жақында бірсыпыра қызметкер баспана кілттеріне ие болды. Қоныс тойы алдағы жылы да тойланады. Бүгінде кәсіпорын тарапынан 104 пәтерлі үй салынып жатыр. Атқарылған шаруа мен алдағы жоспар өңірге іссапармен келіп, зауытқа ат басын бұрған Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа баяндалды.


Сайдулла Қожабаев, “Alageum Electric” компаниялар тобының негізін қалаушы:
– Орташа жалақы облыста 200 мыңның маңайында. Бізде жалақы жоғары болады. Биыл орташа жалақы 300 мың болады. Келесі жылы 350 мың теңгеге барып қалады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Мемлекет басшысы бізге экономиканы әртараптандыру, индустрияландыру тапсырмасын қойып отыр. Осы саясатты жүзеге асыру үшін Оралда, Шымкентте, Петропавлда жүзеге асырған жобаларыңыз өте маңызды. Көрші елдерде қосымша нарықтар ашылып жатыр. Біз 42 млрд доллор көлемінде тауар импорттаймыз. Оны алмастырарлықтай үлкен мүмкіндігіміз бар. Сондықтан, осындай жобаларды жүзеге асыру үшін Үкімет тарапынан көмек көрсетіледі.

Солтүстікте қолға алынған бастамалар жетерлік. Оларды Әлихан Смайыловқа облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек таныстырды. Бүгінде өңірде жалпы құны 320 млрд теңгені құрайтын және 4 мың адамды жұмыспен қамтыған 37 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ауқымды іске Үкімет басшысы жоғары бағасын беріп, теріскейлерге осы қарқыннан таймау қажет деді.

Байболат Култанов