Денсаулық сақтау

Дәрігерлер қашан да зор құрметке лайық

Роза Бейсембаева облыстық көпбейінді балалар ауруханасында аға медбике болып қызмет атқарады. Еңбек өтілі 40 жылға жуықтайды. Науқастар балалар болғандықтан оларға жақын адамыңдай қарау керек дейді ақ халатты. Тіпті, кейде бауыр басып қалатын кездер де болады екен.

Роза Бейсембаева, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының аға медбикесі:
– Жұмысымыз оңай емес. Жауапкершілігі мол. Травматология бөлімшесінде 2000 жылдан бері еңбек етіп келемін. Міндетіме орта және кіші медицина қызметкерлерінің жұмысын қадағалау кіреді.

Травматолог-ортопед дәрігер жазатайым жарақат алып, аяқ-қолын сындырып алған кішкентай науқастарды емдейді. Жұмыс, әрине, оңай емес. Әсіресе, жазғы кезеңде қиындай түседі дейді білікті маман Асылхан Жағыпаров.

Асылхан Жағыпаров, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
– Жазғы уақытта травманың үлесі өте көп. Себебі, балалар далада ойнайды, каникулға шығады. Сондықтан, біздің бөлімшеде балалар саны күрт өсуде. Сонымен қатар, бөлімшемізде көбінесе күйік алған 3 жасқа дейінгі балалар жиі кездеседі. Көбінесе бөлімшемізге түрлі жарақаттармен түседі. Бас-ми жарақаты, кеуде, омыртқа, қол-аяқ сүйектерінің сынуы, күйік болсын – барлығы біздің бөлімшемізде ем алады.

Жалпы, травматология және ортопедия бөлімшесінде барлығы – 4 дәрігер еңбек етеді екен. Тағы бірнеше медбике бар. Асылхан Жағыпаровтың айтуынша кадр жеткіліксіз.

Асылхан Жағыпаров, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
– Бөлімшемізде қазір 4 дәрігер жұмыс істейді. Олар дежурствоға шығады. Әрине, мамандардың тапшылығы, әрбір мекеме болсын, аурухана болсын жетіспеушілік бар. Оған қарамай дәрігерлер жұмыс істейді. Мүмкіндігінше барлық шаруаны істеп жатыр деуге болады.

Асылхан Төлегенұлы күнделікті науқастардың халын сұрастырып, бұйымтайын тыңдайды.

Айман Топишева бұл бөлімшеде өзінің жиенімен жатыр. 2 жасар бүлдіршін өзіне байқаусызда ыстық су төгіп алыпты. Нағашы апасының айтуынша қазір жиенінің жағдайы жақсы. Осы ретте дәрігерлерге алғысын білдірді.

Айман Топишева, М.Жұмабаев ауданының тұрғыны:
– Әжептәуір жазылып келе жатыр. Дәрігерлер жақсы қарап жатыр. Рахмет үлкен емдеп жатқан дәрігерлерге.

Жалпы, травматология-ортопедия бөлімшесінде қазіргі таңда 35-ке жуық науқас ем қабылдап жатыр.

Самал Жунусова