МТРА жаңалықтары

5-ші маусымда республикалық референдум өтеді

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа бейнеүндеу жолдады. Өз сөзінде Президент саяси жаңғыру туралы бағдарламаны тілге тиек етіп, конституциялық реформа жүргізу қажеттігін айтты.

«Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бір сөзбен айтқанда, Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Яғни, Конституция мүлде жаңа сипатқа ие болмақ. Мемлекет басшысы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет.

Бердимурат Баймухан