Спорт

“Kuanish” ВК тарихи жеңіске қол жеткізді

Азия чемпионатындағы тарихи жеңіс спортсүйер солтүстікқазақстандық ағайынның есінде ұзаққа сақталары анық. Бұл күні тақым қысқан жанкүйерлердің де, қуаныштық қыздардың да төбесі көкке жетті. Сары құрлық біріншілігінің дебютанттары болған петропавлдық ұжым байрақты бәсекенің финалына дейін жетті. Ал алтын сарапқа салынған кездесуде азулы өскемендік “Altay”-дан клуб тарихында бірінші рет басым түсті. Осылайша командамыз дүбірлі додада топ жарды.

Степан Притула, “Kuanish” ВК директорының орынбасары
– Финалда алғашқы екі партия өскемендіктердің пайдасына шешілді. Бірақ, кейін біздің ойыншыларымыз сауатты ойын өрнегін көрсетіп, ел чемпиондарын 3 те 2 есебімен жеңді. Бұл тарихи кездесу болды. Азия чемпионатының финалында алғаш рет екі қазақстандық құрама кездесті. Бұл жеңіс бізге клубтар арасындағы әлем біріншілігіне қатысуға жол ашты.

Спортсүйер ағайынға тағы бір жағымды жаңалық, жергілікті ұжым сапынан 4 бірдей ойыншы енді ұлттық құрама сапында ойнайды. Шақырту алғандардың бірі – команда капитаны Татьяна Алдошина. Бұрымды петропавлдық – команданың белді шабуылшыларының бірі. Азия чемпионатында да жақсы ойын өрнегін көрсеткен нәзікжанды сары құрлықтың үздік диагональ ойыншысы деген атқа ие болды.

Татьяна Алдошина, “Kuanish” ВК капитаны:
– Біз бәріне де дайын болдық. Өзіміздің бар шеберлігімізді көрсеттік. Капитан ретінде маған ешқандай артық жүктеме болған жоқ. Бұндай жарқын жеңістермен алдағы уақытта тағы талай рет қуантамыз. Бізге жанкүйер болып, қолдау көрсеткен жандардың барлығына алғысымды білдіремін.

Өңір мерейін асырған бұрымдылар шілде айына дейін демалыста болады. Кейіннен ұжым қайта жиналып, ел чемпионатына дайындала бастайды. Айта кету қажет, әзірге, қуаныштық ойыншылардың ешбірі де клубтан кетпейді. Керісінше ұжым басшылығы команда сапына тыңнан ойыншылар алуды жоспарлап отыр екен.

Алдияр Айтпаев