МТРА жаңалықтары

Сапаржайда жаңа бағыттар ашылды

Юлия Величко Петропавлға Омбыдан келді. Енді өз ауылына жол жүрмекші. Студент бұрын туған жеріме жету қиын еді дейді. Ресейден келу үшін такси іздеп әуре болатын. Келген соң тағы көлік іздеп, аялдама маңын шарлайтын. Бұл жолы ол Қазақстанға автобуспен келіпті. Айтуынша бағасы да қалта қақпайды.

Юлия Величко, Новоишимка ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Мен Новоишимкаға газельмен баратын болдым. Бұрын ауылға жету үшін таксистке 4 мың теңге төлейтінмін. Ал қазір 2500 теңгеге билет сатып алдым. Маршруттық автобустың шыққаны жақсы болды. Себебі, жол алыс, жеңіл көлікте отырсам шаршаймын.

Осы орайда айта кетейік, қазіргі күні облыстағы елді мекендерде Петропавлға дейін 40-тан аса қоғамдық көлік қатынайды. Олардың басым бөлігіне субсидия төленеді. Мемлекеттік қолдауға жақында тағы 8 автобус жүргізушісі ие болыпты. Осыған орай билет құны да арзандаған.

Дарья Предеина, Петропавл сапаржайының өкілі:
– 11 сәуірден бастап 8 маршрутқа мемлекет тарапынан субсидия төленеді. Олар – Тонкошуровка, Айтуар, Светлое, Плоское секілді бағыт бойынша қатынайтын автобустар. Мәселен, жолаушылар бұрын Явленкаға жету үшін 800 теңге төлесе, қазір 504 теңге ғана береді.

Билет арзандаған соң қалаға да жиі келіп тұратын болдым дейді Қызылжар ауданындағы Асаново ауылының тұрғыны Людмила Белоносова. Қазір зейнеткер екі ортаға бар-жоғы 241 теңгемен қатынайды екен.

Людмила Белоносова, Асаново ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Петропавлға ай сайын келемін. Бұрын қалада жұмыс істегендіктен зейнетақымды осында келіп аламын. Қайтарда шаһардағы саябақты бір аралап, демалып кетемін. Азық-түлікті де осы жақтан сатып аламын. Билеттің құны бұрын 400 теңге болған еді. Сәуірден бастап бағасы арзандады. Енді жиі қатынайтын боламын.

Сөз соңында айта кетейік, сәуір айының 26-сынан бастап өңір тұрғындары үшін көрші Ресейдегі Омбы имен Екатеринбург қалаларына автобуспен қатынауға мүмкіндік туды. Мамандардың сөзінше шекарадан өту үшін жолаушының қолында жеке куәлігімен бірге екпе алғаны жөніндегі немесе коронавирус жұқтырмағанын растайтын паспорт болуы қажет.

Бердимурат Баймухан