Әр түрлі

Референдум – халық талабының жауабы

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары
– Ата заңымыздың әрбір үшінші бабы өзгерейін деп отыр. Бұл – үлкен саяси іс-шара. Бұған бәріміз қатысуымыз қажет. Қоғам қандай өзгерістер болатынын білуі керек.

Күн кеше ғана Мәжіліс депутаттары Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум өткізу ұсынысын мақұлдады. Демек, енді нақты Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші бүкілхалықтық дауысқа салу ұйымдастырылады. Не өзгереді? Бұл сұрақ көптің көкейінде жүргені айдан анық. Сауалды өңірімізге жұмыс сапарымен келген саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдиновке қойдық.

Қазбек Майгелдинов, “Қазақстандық қоғамдық даму институты” КеАҚ басқарма төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы
– Президенттің уәкілеттілігі шектелейін деп отыр. Адам құқықтары бойынша “Конституциялық сот” және “Адам құқықтары бойынша уәкілетті орган” деген екі жаңа бап пайда болады. Одан кейін сайлау жүйесі өзгерейін деп отыр. Енді кез келген азамат өзін депутаттыққа ұсына алмақ.

Өзгеріс мұнымен аяқталмайды. Бұрын Президент облыс, қала және аудан әкімінің шешімін өзгерте алды. Енді бұл құқық та шектелмек. “Жаңашылдық жергілікті өзін-өзі басқарудың жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отыр”,- деді Қазбек Майгелдинов.

Қазбек Майгелдинов, “Қазақстандық қоғамдық даму институты” КеАҚ басқарма төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы
– Бұл өзгерістер Президенттің жеке тілегі емес, бұл – халықтың тарапынан туған сұрақтар.

Енді “Референдум қашан өтеді?” деген сұраққа жауап берейік. Әзірге, тарихи іс-шараның нақты датасы белгісіз. Бірақ, арнайы заң бойынша бүкілхалықтық дауысқа салу алдағы бірер айда ұйымдастырылуы қажет.

Қазбек Майгелдинов, “Қазақстандық қоғамдық даму институты” КеАҚ басқарма төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Референдум туралы заң бойынша бүкілхалықтық дауысқа салу бір ай мен үш айдың аралығында өтеді. Менің ойымша референдум бір айдың көлемінде өтеді. Себебі, бұл өзгерістер жылдың басынан айтылып келе жатыр. Оның барлығын халық талап етуде.

Алқалы жиынға солтүстікқазақстандықтар белсенді қатысты. Олар сөз алып, өз ойларын ашық білдірді. Жергілікті жұртшылық жаңа Қазақстанды құруға референдум ауадай қажет деп санайды және халықты ат салысуға шақырады.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
– Қазіргі Ата заң бойынша жер мемлекеттікі. Олай болуы тиіс емес. Жер қашан да халықтыкі болған. Осыдан-ақ, референдум қажет екенін ұғынамыз. Біз халықтың пікірін тыңдауға тиіспіз. Халық шешім шығаруға тиіс.

Ақпараттандыру жұмысын мықтап қолға алған елордалық “Sarap” эксперттік клубы алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне сапар жасамақ. Жоспар бойынша келесі аймақтық отырыс Өскемен қаласында өтеді.

Байболат Култанов