Әр түрлі

И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада еске алу кеші өтті

Шара майданда қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Кейін әскери әндер шырқалды.

Геннадий Назарович соғыс біткен соң, 48-ші жылы дүниеге келген. Халық майданнан әлі ес жиып үлгерген жоқ. Қарияның балалық шағы сол қиын кездермен тұспа-тұс келген екен.

Геннадий Назарович, еңбек ардагері:
– Менің әкем мен қайын атам соғысқа қатысқан. Екеуі де Берлинде болып, Рейхстаг қабырғасында жазба қалдырған. Әкем туралы естелігім көп. Ол көлік жүргізген. Жанармай толы машиналар легі келе жатқанда немістер үстеріне бомба тастаған.

Силема Амаеваның атасы да соғысқа қатысқан. Атасын өзі көрмеген. Оның ерлігі жайлы ата-анасы айтып отырады екен.

Силема Амаева, СҚУ колледжінің студенті:
– Ата-анамның айтуынша атам Дағыстаннан Берлинге дейін бірде бір жарақатсыз жеткен. Қаншама жауынгер біздің жарқын келешігіміз үшін қан төкті. Осы бейбітшілікті сақтау – олардың аманаты.

12 жасар Рамиль Хабибуллин үшін ардагерлер – нағыз батырлықтың үлгісі. “Жас сарбаз” әскери-патриоттық клубының мүшесі майдангерлерге қадір-құрмет көрсету – біздің парызымыз дейді.

Рамиль Хабибуллин, “Жас сарбаз” әскери-патриоттық клубының мүшесі:
– Осы шарада бізге ата-әжелеріміз ұрпақ үшін, бейбіт өмір үшін күрескен кезде қаншалықты қиын болғанын айтты. Өскен соң әскери қызметкер болғым келеді. Отанымды қорғап, ел патриоты боламын.

Жалпы, бүгінгі шара Ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылып отыр. Жиында аға буын өкілдері жастарға ақыл-кеңес, өсиеттерін айтты.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– 9 мамыр – халқымыз үшін ерекше күн. Отан қорғау бұл – әрқашан да міндет. Қазіргі жас ұрпаққа осы ойды жеткізгіміз келеді. Жалпы, Отан қорғаушылардың қай заманда болсын, қай уақытта болсын маңызын жастарға сіңіре беруге тиіспіз.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Петропавлда көзі тірі 13 ардагер қалды.

Самал Жунусова