ТЖ

Екі өңірдің құтқарушылары командалық-штабтық жаттығу өткізді

Көк түтін алыстан көрінеді. Бұл – Ақмола облысына қарасты Біржан сал ауданының аумағы. Мұндағы Жаңалық ауылының маңында дала өрттеніп жатыр.

Отты ауыздықтауға бірінші болып іргедегі Аңғал батыр ауылының өртке қарсы ерікті құрылымы кірісті. Қызыл жалын әрмен қарай жайылып кетпеуі қажет. Сондықтан, трактормен белгілі бір аумақ жыртылды. Ал мына жандар арнайы құралмен тілсіз жауды сөндіруде.

Өрт қатты желдің салдарынан бой бермеді. Тіпті, Ақжар ауданындағы Алқатерек ауылына қауіп төнді. Мұндағы халық қауіпсіз жерге көшірілді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Қауіптің бетін қайтаруға солтүстікқазақстандық құтқарушылар да білек сыбана ат салысты. Мұның нәтижесінде 10 гектардан астам аумаққа жайылған тілсіз жау сөндірілді.

Нұрлан Атығаев, Ақмола облысы бойынша ТЖД бастығы
– Қорытындылай кетсек, азаматтық қорғау қызметкерлері және жергілікті атқару органдары дайын деп санаймыз. Бәрі жоспардағыдай өтті. Іс-шараны неге Біржан сал және Ақжар ауданында өткіздік? Өзіндік себебі бар. Былтыр орман және дала өртінің басым бөлігі осы Біржан сал ауданында тіркелді.

Екі өңірдің құтқарушылары бірлесе өткізген командалық-штабтық жаттығуға 80-ге тарта адам мен 10-нан астам техника қатысты.

Байболат Култанов