МТРА жаңалықтары

Тарихи шешімдер тәуелсіз елдің тұғырын нығайтпақ

Тарихи шешімдер тәуелсіз елдің тұғырын нығайтпақ! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында алдағы уақытта республикада ауқымды өзгерістер орын алатынын мәлім етті. Бүгінгі таңда теріскейлік қоғам белсенділері жаңашылдықтарға қатысты өз ойларын білдіруде. Бүгін арна тілшілері Қозыбаев университеті “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры Зәуре Қартовамен жолығып, пікірін білді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!

Сәуірдің соңы ел есінде ұзақ сақталары айдан анық. Мемлекет басшысы мамыражай мамырдың алғашқы мейрамы қарсаңында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясына қатысып, көп ұзамай республикада өзгеріс орын алатынын мәлім етті. Оған халық тікелей ат салыспақ. Әңгіме Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум жайлы болып отыр. Соңғы рет мұндай халықтық дауысқа салу осыдан 27 жыл бұрын өтіпті.

Зәуре Қартова, Қозыбаев университеті “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры:
– 1995 жылы елімізде Конституция қабылданды. Сол кезде біз бүкілхалықтық референдумға қатысып, Конституцияның толық мәтіне дауыс бердік. Ал биылғы жылы өтетін референдумда біз Конституциядағы баптардың өзгерістеріне дауыс беретін боламыз. Биыл 33 бапқа 30-дан астам өзгеріс енуі мүмкін. Оның ішінде ең маңыздысы – Қазақстан жерінің халықтық иелікке берілуі.

Ата заң – алтын тұғыр, тәуелсіздіктің тірегі. Онда жазылған дүние демократиялық орта қалыптастыруға, Қазақстанды одан әрі дамытуға тікелей әсер етеді. Қоғам белсенділері осы себепті халықты Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі бүкілхалықтық референдумға біркісідей қатысуға шақырады. Келісіп пішкен тон келте болмайды.

Зәуре Қартова, Қозыбаев университеті “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры:
– Әділетті Қазақстанда әр қазақстандық саяси іске қатысуы қажет. Ол үшін біз Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды өзіміздің ұжымдарда кең көлемде талқыға салу қажет. Осыдан кейін барып дауыс беру мүмкіндігін толық пайдалану қажет.

Байболат Бектемірұлы, тілші:
– Шешендік пен көрегендікті бойға сіңірген дана қазақ халқы: “Елу жылда – ел жаңа” дейді. Соңғы оқиғаларға қарағанда Қазақстанда оң өзгерістер басталып та кеткен сыңайлы. Тың бастамалар биік белестерді бағындыруға әсер етері сөзсіз. Осы орайда қоса кетейік, елімізде бүкілхалықтық референдумның нақты қашан өтері әлі белгісіз.

Байболат Култанов