Спорт

Суда жүзуден облыс чемпионаты бастау алды

Петропавлдағы “Дельфин” спорт мектебінде суда жүзуден облыстық чемпионат бастау алды. Дәстүрлі сайысқа 200-ге жуық жасөспірім қатысып жатыр. 2 күнге созылатын жарыста жеткіншектер баттерфляй, еркін, брасс және шалқалап жүзуден бақ сынасады. Ашық чемпионат Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылды.

Жарыста қатысып жатқандардың бірі – Валерия Бентя. 11 жасар петропавлдық жеткіншек 4 жылдай жүзумен айналысады. Қатты қобалжығанына қарамастан бұл сында ол уақыт көрсеткіші бойынша өзгелерден озып шықты.

Валерия Бентя, жарысқа қатысушы:
– Бірінші сында өзімді жақсы көрсеттім деп ойлаймын. Енді қазір брасс стилі бойынша сынға түсемін. Өзіме онша сенімді емеспін. Алайда, бірінші болуға тырысамын. Келешекте әлем чемпионы атанып, балаларды жаттықтырғым келеді.

Ал Кирилл Бобылев 14 жаста. Суда балықша жүзетін спортшы додада 50 метрлік қашықтықты еш қиындықсыз бағындырды. Айтуынша, ең бастысы техника мен жеңіске деген құлшыныс болу қажет.

Кирилл Бобылев, жарысқа қатысушы:
– Кроль стилі бойынша жарыстым. Қиынға соқпады. Төзімділігім баршылық. Қарсыластарым да осал емес екен. Қазір енді брасспен жүзуге дайындаламын. Мен үшін бастысы – нәтиже.

Жалпы, бүгінгі чемпионатқа жасы 8-ден асқан жасөспірімдер қатысып жатыр. 2 күн бойы өтетін сайысқа облыстан 200-жуық спортшы жиналған екен. Дені – петропавлдықтар, Қызылжар мен Ғ.Мүсірепов аудандарынан келгендер. Олар бүгін 50 метрге кроль мен брасс әдістері бойынша жүзсе, ертең баттерфляй мен шалқалап жүзуден сынға түседі.

Серік Қасымов, “Дельфин” су спорты түрлерінен ОРМБЖСМ жетекшісі:
– Біздің спортшылар екі күн бұрын жүзуден республикалық чемпионаттан оралды. Онда 12 медаль жеңіп алдық. Жалпыкомандалық есепте жақсы нәтиже көрсеттік.

Облыс чемпионатының жеңімпаздары Тараз қаласында өтетін республикалық біріншілікке қатысады.

Самал Жунусова