Әр түрлі

Петропавл мен Сергеев су қоймаларына шабақ жіберіліп жатыр

Петропавл балық питомнигінде 60 млн-ға жуық шабақ бар. Қазіргі күні мамандар уылдырықтан босап шыққан тіршілік иелерін өңірдегі өзен-көлдерге жіберіп жатыр. Бүгін шабақтар табиғи ортаға шығарылды. Яғни, олардың ары қарай өсіп-өнуі үшін питомник қызметкерлері балықтарды Сергеев пен Петропавл су қоймаларына жөнелтті.

 

Бұл – сиг тұқымды балықтардың шабақтары. Олардың уылдырықтан босап шыққандарына небәрі 3-4 күн болыпты. Тіршілік иелері мұнда 6 айдан бері өсіріліп келеді. Күнделікті бақылау мен қажырлы еңбектің арқасында шабақтарды аман-есен табиғи ортаға жөнелтуге болады. Бірақ, алдымен оларды санап алу қажет.

Анастасия Молоткова, Петропавл балық питомнигі инкубациялық цехінің меңгерушісі:
– Бізге мына 10 литрлік легеннің ішінде қанша шабақ бар екенін білу қажет. Ол үшін алдымен тіршілік иелерін 100 мл-лік ыдысқа құйып санаймыз. Егер онда мың дана болса, 10 литрлік ыдыстағы шабақтардың саны 10 мыңды құрайды. Осылай қарапайым математикалық есептеу арқылы олардың жалпы санын анықтауға болады.

Инкубациялық орындағы шабақтардың жалпы саны қазір 60 млн-ға жуық екен. Олардың 35 млн данасы бүгін Сергеев су қоймасына жөнелтіледі. Ал қалған 5,5 млн-ы Петропавл су қоймасына құйылады. Ары қарай өзен-көлдерге жіберіледі.

Анастасия Молоткова, Петропавл балық питомнигі инкубациялық цехінің меңгерушісі:
– Сиг тұқымды балықтың түрлеріне ақ сақа, пелядь пен рипус кіреді. Яғни, біздің өңірде сиг тұқымды балықтардың осы 3 түрі тіршілік етеді. Биыл шабақтарды өсіру үшін республикалық бюджеттен 50 млн жуық млн теңге бөлінді. Уылдырықты Ақмола мен өз аймағымыздағы су қоймаларынан алдық.

Шабақтарды өзен-көлдерге жібермес бұрын олардың қоршаған ортаға бейімделу шамасын бағамдап алу қажет. Мұнымен арнайы комиссия айналысады.

Марат Есімсейітов, Есіл облысаралық бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:
– Есіл облысаралық бассейндік инспекциясының комиссия құрамына жергілікті атқарушы орган өкілдері мен балық шаруашылығының нұсқаушылары кіреді. Мамандар балықтарды санап, олардың белсенділіктерін тексереді. Осылайша мемлекеттік тапсырыстың дұрыс орындалғанына көз жеткіземіз. Биыл шабақтар жақсы жетіліпті. Енді оны қапқа салып, су қоймасына апарамыз.

Сондай-ақ, мамандар қыркүйек айында тұқы балығының 1 млн данасын өңірдегі өзен-көлдерге жөнелтуді жоспарлап отыр.

Бердимурат Баймухан