МТРА жаңалықтары

СҚО-да 117 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған

Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы! Бұл оймен біреу келіседі, біреу келіспейді. Себебі, кейбір жандар ел арасында болып жайтқан жайттарды қорыта келе “бес саусақ бірдей емес” деген пікір ұстанады. Иә, қазір лауазымды тұлғалардың, қарапайым мамандардың қатысуымен түрлі фактілер тіркелуде. Осы орайда алысқа бармай-ақ, өңірдегі статистиканы мысалға келтірейік.

Дархан Кәрімжан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Жыл басынан бері өңірде 117 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тағайындалған жаза – ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, жұмысына сәйкес келмеу және жұмыстан қуылу. Өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырсақ, жауапқа тартылғандар саны 20 пайызға азайған.

Сонда мемлекеттік қызметшілер не бүлдірген? Статистикаға сүйенсек, қызметкерлердің басым бөлігі өз міндеттерін дұрыс орындамаған. Біреуі білмей қателік жасаса, екіншісі салғырттықтың салдарынан сан соққан. Осыдан жауапқа тартылған жандардың біліктілік деңгейі төмен болғанын ұғынуға болады.

Дархан Кәрімжан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Құқық бұзушылықтар көбінесе жергілікті атқарушы органдарда орын алады. Оның өзіндік себебі бар. Жергілікті атқарушы органдардың жүктемесі жоғары. Қызметшілері де көп.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі заңсыз жазаға тартылған қызметкерлердің құқықтарын қорғайды. Яғни, таяқтың екі ұшын да қарайды.

Дархан Кәрімжан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Миссиямыздың бірі – мемлекеттік қызметшілерді заңсыз әрекеттерден сақтау немесе қорғау. Заңсыз әрекет жайлы бізге мемлекеттік қызметші хабарласа немесе біз өзіміз анықтасақ, тәртіптік іс ашамыз. Барлығын қарастырамыз. Бұзушылық анықталса, тағайындалған жазаны жоямыз.

Мамандардың жауаптылығын арттыру және тиісті ережені бұзған қызметкерлерді жазалау мақсатында қазір әр органда арнайы комиссия жұмыс істейді. Облыстық санитариЯлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде құрылған топқа бес адам мүшелік етеді. Бұл жандар ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында төрт кеңес өткізіпті. Жиындарда он бір адамға қатысты іс қаралған екен.

Арман Күшбасов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
– Өткізілген кеңестердің қорытындысы бойынша бес мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал алты адамның кінәсі анықталмады. Біз бұзушылықтарды болдырмау бағытындағы жұмысты жалғастырудамыз. Қазір арнайы мамандар түрлі іс-шаралар ұйымдастыру арқылы қызметкерлерге тиісті заңнаманың, Әдеп кодексінің сақталуын түсіндіруде.

Қоса кетейік, бүгінгі таңда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде 156 адам қызмет етеді.

Байболат Култанов