Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық архивте көрме қанат жайды

Академик Зарқын Тайшыбайдың ұстаздық қыры да бір төбе. Қозыбаев университетінің профессоры талай жастың қанатын қатайтып, журналистік жолға жол сілтеді. Ұлт жанашырының шәкірттерінің бірі – Сержан Нұртолқынұлы. Жергілікті білім ордасының студенті бүгін еліміздің еңбек сіңірген қайраткеріне арналған көрмені көрейін деп арнайы келіпті.

Сержан Нұртолқынұлы, Қозыбаев университетінің студенті:
– Мен Зарқын Тайшыбай атаны 1-ші курсқа түскеннен бері білемін. Екеуіміз бірлесе төте жазумен жазылған жазуларды кирилицаға аудардық. Солай-солай атаның еңбек жолымен толықтай таныстым. Ол кісінің жазып, зерттеп, зерделеп өмірге әкелген еңбектерінің әрбірімен таныспын.

Жалпы, көрмеге қойылған әрбір материал өте құнды. Бүтіндей бір адамның жүріп өткен еңбек жолынан шыр шертеді. Мәселен, мына бір 32-ші жылы жазылған жинақ. Бұл академик Зарқын Сыздықұлының облыстық архивте зерделеп шыққан алғашқы материалы екен. Бұдан бөлек мұнда профессордың фотосуреттері мен ғылыми еңбектерін де көруге болады. «Абылай хан тарихы» атты 3 томдық жинақ та сөреде орын тепкен. Академик бұнымен тоқтап қалмақ емес. Зарқын Сыздықұлы алдағы уақытта тұм тарихты тағы кеңінен қазбалап, зерттеуді жалғастыра бермек.

Зарқын Тайшыбай, Қозыбаев университетінің профессоры, академик:
– Денсаулық болса шаруа істеуге болады. Бұрыннан толып жатқан жоспарлар бар.
22 Біздің тарихымыздың әлі ашылмаған қырлары көп. Соның қырларын ашу үшін аянбай еңбек етеміз. Абайтану мәселесесінде де бірталай жоспар бар. Биыл Абайтанудан монография шығады.

Көрмені тамашалаған қоғам белсенділері кейіннен дөңгелек үстел басына жайғасып, академикті мерейтоймен құттықтады.

Алдияр Айтпаев