Білім

2022 жыл – Балалар жылы

“Ана мен бала” бағдарламасы сұхбат ретінде өтіп жатыр. Сахнаға алдымен Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 1-ші сынып оқушысы Мақсат Ерболат пен анасы Диляра Ерғалиева шықты. Бірінші кезекте өзін-өзі таныстыру. Кейін шәкірт өзінің өнерін паш етуі қажет. 7 жастағы Мақсат жан-жақты екен. Домбырада ойнап, каратэмен айналысып, лего құрастырады.

Бағдарламаның келесі қонақтары – Аяжан мен оның анасы Дина Жігітекова. Бұл жолы сұрақтар анаға қойылды. Дина Мерғалымқызы алдымен өзінің қызының мінезі мен қандай ерекшеліктері бар екенін атап өтті. Айтуынша, тұңғышы өте белсенді. Оқуда озат қыз біліммен өнерді қатар алып жүр. Аяжан мың бұралып би билейді, сурет салады. Өзін модель ретінде де сынап көруде.

Ата-ананың осындай іс-шараға қатысып, балаға қолдау көрсеткені маңызды, дейді Дина Жігітекова.

Дина Жігітекова, ата-ана:
– Петропавлда балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Үйірмелердің барлығын пайдалануға тырысамыз. Мектеп қабырғасында да түрлі іс-шаралар өтіп жатады. Соларға да қатысып, қалмауға тырысамыз.

“Ана мен бала” бағдарламасын Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Әлия Қабыланова ұйымдастырыпты. Шараның мақсаты – ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, өнерлері ұл-қыздарды жұртшылыққа таныту.

Әлия Қабыланова, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның мұғалімі:
– Мемлекет басшысы 2022 жылды “Балалар жылы” деп жариялаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бүгін мен “Ана мен бала” атты бағдарламасын ұйымдастырдым. Бағдарламаның мақсаты – таланты бар оқушыларды анықтау, олармен сұхбат жүргізе отырып өнері жайлы ойларын білу, ой бөлісу.

“Балалар жылы” аясында Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназия ұстаздары тағылымды іс-шараларды әр апта сайын ұйымдастырып отырады.

Дана Ешкенова