МТРА жаңалықтары

“Электрондық еңбек биржасы” порталындағы өзгерістер

Екі қолға бір күрек таппай жүрсеңіз, “Электрондық еңбек биржасы” порталы арқылы еңбекпен қамтылыңыз! Бүгінде аталған жүйеде өңіріміз бойынша 2 мыңға тарта вакансия көрсетілген. Оларды 800-ден астам солтүстікқазақстандық жұмыс беруші ұсынып отыр.

Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда облысымызда ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне, құрылысшыларға, дәрігерлерге және мұғалімдерге сұраныс аса жоғары. “Электрондық еңбек биржасына” жыл артқан сайын өзгерістер енгізілуде. Бұл күні азамат тізімнен өзі іздеген қызметті тауып, қашықтықтан өтінім білдіреді. Осы сәтте жұмыс берушінің жеке кабинетіне хабарлама түседі. Бұдан соң, қызмет ұсынушының өзі тұлғаға хабарласып, таныстық орнатады. Яғни, қазір хабарландыру бойынша қоңырау шалудың немесе кеңсе аралаудың қажеті жоқ. Порталдың көмегімен мемлекеттік қолдауларға да қол жеткізуге болады. Мұндай жаңашылдық өткен жылдың соңында пайда болыпты.

Әлия Шәйкенова, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Порталға тіркелген жандар жұмыстан қысқартылған немесе өз еркімен жұмыстан кеткен жағдайда өтінім білдіре алады. Сол өтінім бойынша әлеуметтік төлем рәсімделеді. Бүгінде мемлекеттен субсидияланатын вакансиялар бар. Мұндай бос жұмыс орындары “Жастар тәжірибесі”, “Ұрпақтар келісімшарты”, “Күміс жас” сынды жоба қатысушыларына ұсынылады. Міне, соларды онлайн режимде қарауға болады. Тағы, портал арқылы өзге өңірге немесе облыс ішінде көшуге ниетті жандарға ақыл-кеңес беріледі.

Байболат Култанов