Мәдениет

Петропавлда “Ұлы дала өркениеті” атты көрме өтті

Күнделікті шаруасы қызу Абылай хан резиденциясының ауласында бүгін жайлы атмосфера. Киіз үй тігіліп, күміскөмей әншілер әннен шашу шашып жатыр.

Ал мына жақта әскери шатыр орын тепкен. Мұнда кіріп қару-жарақты қолмен ұстап, танысуға болады. Қызығушылық білдірген жанға ұлттық академияның жігіттері нұсқау береді. Сондай-ақ мұнда ата-бабаларымыз қолданған шоқпар, қылыш, жебе сынды көне қару түрлері бар. Бұл тарихи дүниелерді Ерғали Сәткенов алып келіпті.

Ерғали Сәткенов, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің өнер пәні оқытушысы:

– Бұнымен бала кезімнен айналысамын. Жырлар мен түрлі дастандарды оқитынбыз. Содан қызығушылығым пайда болды десем болады. Қазіргі қоғамда мұндай қызығушылығы бар адамдар сирек кездеседі.

Әр шатырға кіріп, музей кешені мен әскери академия ұжымы ұсынып отырған дүниелермен колледж, унивеситет студенттері танысып жатыр.

Әсемгүл Қыдбекова, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары:

– Бұл көрмені Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арнап өткізудеміз. Бұл жиынды Ұлттық әскери академиямен бірлесе жасап жатырмыз. Мақсатымыз – мереке қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылып бара жатқан қару-жарақтарды көрсету. Мұнда екі ғасырдың қару-жарақтары бар. Біріншісі – осы ғасырдағы, екіншісі 18-ші ғасырда қолданылған жәдігерлер.

Көрмеге барлығы 200-ге жуық жәдігер қойылған.

Алдияр Айтпаев