МТРА жаңалықтары

Мамырдың 1-інен “Аттракциондар әлемі” толық қуатта жұмыс істейді

Петропавлдағы “Аттракциондар әлемі” наурыздың 8-інде ашылды. Алайда, әткеншектер әлі толық іске қосыла қоймаған. Бұған дейін мамандар қыс бойы тоқтап тұрған аттракциондарды техникалық тексерістен өткізіпті. Өйткені, мұнда келетін қонақтардың қауіпсіздігі – басты назарда.

Татьяна Колчева, “Аттракциондар әлемі” ЖШС қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженері:

– Жыл сайын біз аттракциондарды іске қоспас бұрын оларды міндетті түрде техникалық тексерістен өткіземіз. Техникалық құжатқа сәйкес әткеншектердің барлығының жағдайы толығымен зерттеледі. Егер қандай да бір олқылықтар анықталса бірден оны түзейміз. Биыл тексеріс барысында ешқандай ақау анықталған жоқ.

Ақаулар болмағанымен биыл “Аттракциондар әлемі” серіктестігінің басшысы
Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы сарапшыларды шақыртуды жөн көріпті. Елордалық білікті мамандар әткеншектерді тағы бір рет жіті тексерістен өткізіп жатыр.

Евгений Корнилов, сарапшы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бірінші кезекте біз толығымен металл құрылымын тексереміз. Кейін құрылғылардың бұрандалары мен дәнекерленген жерлерін қарап шығамыз. Содан кейін механикалық тұрғыда ақаулардың бар-жоғын анықтаймыз. Егер олқылықтар анықталса, серіктестікке ақауды жоюға уақыт беріледі. Әзірге, бұл әткеншектерге қатысты ешқандай ескерту жоқ.

Құрылғылардың қолданысқа жарамдылығы қарапайым жолмен тексеріледі. 100 келілік қап құммен толтырылып, бір қап бір адамның орнына қойылады.

Дана Сәлімқызы:

– Дәл қазір мамандар “Ғашықтар” дөңгелегін сыннан өткізбек. Бұл аттракционда 24 кабина бар. Әрқайсысында 4 орыннан. 1 орынға 120 келі жүк артылуда.

Нәтижесінде, аттракцион 11 тонна 520 келі жүкпен 6 сағат бойы айналады. Осылайша, оның төзімділігі тексеріледі екен.

НЛО, көңілді төбешіктер, орбита, тағысын тағы. Бүгінде Петропавлдағы “Аттракциондар әлемінде” 30-ға жуық әткеншек бар. Жуырда қатарларына тағы да су жаңа “Ракушка” атты әткеншек қосылады.

Александр Козлов, “Аттракциондар әлемі” ЖШС директоры:

– “Ракушка” атты аттракцион ТМД елдерінде аса танымал. Оны отбасылық карусель деуге болады. Әткеншекті сатып алуға “Даму” қоры қолдау білдіріп отыр. Құны – 56 млн теңге. Әткеншек Беларусь елінде жасалған. Бізге шілде айында жеткізіледі.

Сондай-ақ, саябаққа түнгі уақытта да көрік беру үшін серіктестік басшылығы 2 млн теңгеге түрлі түсті жарқыраған иллюминация сатып алған. Сөз соңында айта кетейік, “Аттракциондар әлемі” мамырдың 1-інен толық қуатта жұмыс істейді.

Дана Ешкенова