МТРА жаңалықтары

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы өтті

Бүгін елордада мемлекет басшының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы өтті.

Алқалы жиында Президент Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум ұйымдастыруды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, референдум – маңызды демократиялық институт. Бірақ, ол елімізде соңғы рет 1995 жылы, нақтырақ айтсақ, қазіргі Ата заңымыз бекітілген кезде өтіпті. “Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту жұртшылықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болады деп санаймын”,- деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан, мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бағытымызды нығайтады.

Бердимурат Баймухан