Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аудан тұрғыны баспана мәселесімен облыс әкіміне жүгінді

2 млн 300 мың теңге. 10 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған Юлия Сержанскаяның шотында қазіргі таңда осыншама қаражат бар. Бірақ, бұл Отбасы банкте өткізілетін конкурстарға қатысып, пәтер алу үшін жеткіліксіз. Азаматшаның жиналған балы да аз. Жалғызбасты ана қайталама нарықтан да баспана алар еді, бірақ ол үшін депозитте мүлік құнының тең жартысы болуы керек.

Юлия Сержанская, Тайынша ауданының тұрғыны:

– Отбасы банкке ай сайын 30 мың теңгеден салып тұрамын. Желтоқсан айында банк өткізген конкурсқа қатыстым. Онда кезекте 208-ші болып тұрдым. Ал қаңтарда жарияланған байқауда 374-ші болдым. Бұл қалай? Кезекте алға жылжудың орнына керісінше түсіп қалдым.

Бұл мәселені жиынға қатысып отырған қала әкімі Болат Жұмабеков өз бақылауына алатындығын айтты.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Ипотека арқылы берілетін баспаналарды банк бөледі. Мен сізге жиыннан кейін хабарласайын. Содан кейін банк менеджерін шақырып, дұрыстап сөйлесейік. Бірақ, бір айтарым, банк балдық жүйе арқылы жұмыс істейді. Оған ешкім ықпал ете алмайды.

Юлия Сержанскаяның бас қайғысына айналған баспана мәселесіне қатысты облыс әкімі де өз ойын білдірді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Банк қызметкерімен сөйлесіп, толыққанды кеңес алыңыздар. Бұл мәселені шешуге қатысты басқа жолды мен де көріп тұрғаным жоқ. Мүмкін консультация нәтижесінде шешімі табылып қалар.

Жалпы, бүгінгі қабылдауында облыс әкімі екі солтүстікқазақстандықтың базынасын тыңдады. Өңір жетекшісі бір адамды онлайн форматта қабылдаса, екіншісінің мәселесін көзбе-көз талқыға салды.

Алдияр Айтпаев