Әр түрлі

Петропавлда Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі жалғасуда

Жәрмеңкеде сапалы әрі ыңғайлы аяқ киім сатып аламын дейтіндердің қатары қалың. Бәрі мүмкіндікті пайдаланып, бір емес бірнеше жұп тауар алуда. Соның бірі – Қалима Салиқова. Нәзікжанды осы жерден өзіне ұнайтын 2 бірдей аяқ киім тауыпты.

Қалима Салиқова – қала тұрғыны:

– Менің табан сүйегімнің ерекшелігіне қарай аяқ киім таңдау қиын. Ал мұндағы тауарлар ыңғайлы, сапасы да жақсы екені көрініп тұр. Сондықтан, өзіме ортопедиялық аяқ киім сатып алдым.

Мұнда кез келген адамның талғамынан шығатын аяқ киімнің түр-түрін кезіктіруге болады. Бастысы, барлығы сапалы материалдан тігілген. Ыңғайлы, өйткені ортопедиялық болып саналады. Осындай үлгідегі аяқ киімдерді ортопед дәрігерге жүгінбеген жандардың да кигені жөн. Бұл түрлі дерттің алдын алады дейді ортопед-травматолог Амангелді Мұхамеджанов.

Амангелді Мұхамеджанов, ортопед-травматолог:

– Бүгінде жастар да, егде жастағы адамдар да сәнді киінуге тырысады. Осы ретте аяқ киімнің қаншалықты сапалы әрі ыңғайлы екендігіне баса мән беру қажет. Өйткені, сапасыз дүниеден буын, табан ауырып, аяқ ісініп кетуі мүмкін. Тауар жасанды материалдан жасалса, түрлі аллергиялық аурулар да пайда болады.

Тұтынушылар арасында таза былғарыдан жасалған өнімге сұраныс жоғары. Келушілерді аяқ киімнің сапасымен қатар, бағасының қолжетімділігі де қызықтырып отыр. Жәрмеңкеде әйелдерге арналған аяқ киімнің өлшемі 35-тен, ал ерлердікі 40-тан басталады.

Елизавета Пливцева, сату жөніндегі менеджер, БР:

– Әр тауардың үлгісі әр түрлі. Басым бөлігі ортопедиялық болғандықтан, негізінен аға буын өкілдері арасында сұранысқа ие. Қазір жазғы аяқ киімге қажеттілік артып келеді. 700-ге жуық жұп қалды. 500-ге жуығын саттық.

Тұрғындар қажетті тауарды Уәлиханов көшесі, 15А мекенжайы бойынша таба алады. Жәрмеңке таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді. Айта кетейік, Беларусь аяқ-киімдерінің сатылымы мамырдың 1-іне дейін жалғасады.

Самал Жунусова