Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Тимирязев ауданындағы Мичурино ауылының тұрғындарымен кездесті

“Мичуринский” серіктестігі – Тимирязев ауданына қарасты Мичурино ауылындағы іргелі кәсіпорын. Серіктестік 25 жыл бұрын құрылған. Агроқұрылым 2007 жылы “Атамекен-Агро” АҚ-ының құрамына кірді. Қазір иелігінде 18 мың гектардан астам жер бар. Басым бөлігіне дәнді және дәнді-бұршақ дақылдар егіледі.

Александр Болдырев, Мичуринский” ЖШС директоры, Тимирязев ауданы

– Сондай-ақ, біздің шаруашылық ангус тұқымды ірі қара өсірумен айналысады. Бүгінде 450-ден астам мал басы бар. Былтыр серіктестіктің жылдық табысы 822 млн теңгені құрады. Биыл бұл көрсеткішті одан бетер арттыруға дәмеліміз.

Мичурино ауылында 430-дан астам адам тұрады. Жергілікті ағайынның 140-тан астамы осы серіктестікте еңбек етіп жатыр. Басшылықтың сөзіне сенетін болсақ, агроқұрылымдағы орташа айлық жалақы 150 мың теңгені құрайды.

Александр Болдырев, Мичуринский” ЖШС директоры, Тимирязев ауданы

– Серіктестік ауылдағы ағайынды таза ауыз сумен қамтып отыр. Қысқы уақытта ауылішілік және Новоишим ауылына дейінгі жолды әрдайым тазартып тұрамыз. Сондай-ақ, кәсіпорынға қарасты наубайхана күнделікті түрде тұрғындарды ыстық нанмен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, агроқұрылым жыл сайын қатты тұрмыстық қалдық үйінділерін залалсыздандырумен айналысады.

Енді сөзден іске келген кезде шын мәнінде қалай екен? Серіктестік басшылығының тарапынан атқарылып жатқан шаруаға ауыл тұрғындарының көңілі толмайды. Басты мәселе мынада. Кәсіпорын бар жерін толық игермейтін көрінеді. Былтыр жем-азық барлығына бірдей жетпеген және қымбатқа сатылған.

Татьяна Лоц, Мичурино ауылының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Былтыр кәсіпорын өз қызметкерлеріне ғана 2 тонна жем пен 3 тонна шөп берді. Ал серіктестікте жұмыс істемейтіндер түксіз қалдық. Мал азығын қымбатқа сатып алуға мәжбүрміз. Біз жолдасымыз екеуіміз – зейнеткерміз. Ақшамыз ешқайда жетпейді. Сол себепті, мал өсіруді қойдық.

Александр Болдырев мұндай мәселенің барын жасырған жоқ. Сөзінше, былтыр қамбалары астыққа толмапты. Содан жем-азық жетпей қалған. Бірақ, тұрғындардың сөзінше, серіктестіктің бұрынғы басшысы Александр Барамидзенің кезінде мұндай проблема туындамапты. Ал қазір кәсіпорында басшы тұрақтамайды. Жылда ауысады. Тұрғындар басшының ауылдан тағайындалғанын қалайды.

Гүлзада Мусина, Мичурино ауылының тұрғыны, Тимирязев ауданы

– Қазіргі басшылықты ауылдың тынысы, тұрғындардың жағдайы мүлдем қызықтырмайды. Александр Болдыревті 9 айдың ішінде бірінші рет көріп отырмыз.

Облыс әкімі ауылдағы ағайынның наразылығы орынды екенін атап өтті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Ешкімді бөліп-жармай, бәріне бірдей қарау керек. Басшылық әр уақытта тұрғындардың жанынан табылуы керек. Сонда ғана ауылдарыңыз гүлдене түседі. Келесі кездесуде сізге қатысты сын болмайды деген үміттемін.

Жиын барысында тұрғындар ауылдан 5 жыл бойы шығарылмаған қи мәселесін де көтерді. Жағымсыз иістен жалыққан мичуриндіктер кәсіпорын басшылығына ақша төлеуге де дайын. Тек қиды шығарып берсе болды. Өз кезегінде серіктестік директоры бұл проблеманы шешуге әзірміз деп жауап берді. Тек осы кездесуге дейін елді мекендіктерден бұл мәселе бойынша бірде-бір рет өтініш түспепті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіз халықтың жерінде жұмыс істейсіз. Сондықтан, бұл ауылдың тұрғындарына да жақсылық жасаңыз. Ауылдағы ағайын қарапайын істің басын қайырып берсе деп өтініп отыр. Әрине, азаматтар да басшылыққа бәрін артып қоймай, әрекет етулері тиіс.

Ауылдағы тағы бір түйткіл – өрт сөндіру қосынының жоқтығы. Жуырда елді мекен маңында алқап жанды. Қызыл жалын үйлерге тарап кетпес үшін тұрғындар тілсіз жауды өздері сөндіруге мәжбүр болған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Мичурино – үлкен ауыл. Сондықтан, бұл жерде міндетті түрде өрт сөндіру қосыны болуы тиіс және ниет танушы жандардан арнайы топ жасақтау қажет. Осы сұрақты жақын арада шешулеріңіз керек. Себебі, қазір өрттің қауіпті кезеңі басталып жатыр.

Облыс әкімімен кездесуге келген ауыл тұрғындары аудандық аурухананың дәрігерлеріне де шағымданды. Ақхалаттылар науқастармен дөрекі сөйлесіп қана қоймай, қолда бар аппараттарды қолданбай, пациенттерді қалаға жөнелте салатын көрінеді.

Галина Воробьева, Тимирязев аудандық мәслихатының депутаты,

– Мысалы, біздің дәрігерлер жүкті әйелге УЗИ жасау үшін оны қалаға жібереді. Алайда, біздің ауруханада УЗИ жасайтын жап-жақсы аппарат бар. Жергілікті емдеу мекемесінің қауқары бола тұрып неге тұрғындар 300 шақырымды артқа тастап Петропавлға баруы тиіс?

Бұл сұраққа облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов жауап берді.

Нұрлан Айманов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

– Әдетте 1-ші және 2-ші скрининг облыс деңгейінде жасалады. Сол себепті, жүкті әйелдерді қалаға жібереді. Ауруханадағы басқа да олқылықтар бойынша алдағы уақытта тексеріс жүргіземіз.

Тағы, жиын барысында тұрғындар ауылішілік жолдардың нашар екенін сөз етті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Биыл Мичурино ауылының ауылішілік жолдарын жөндеу үшін 82 миллион теңге бөлініп отыр. Оған қоса ауылда жаңадан су мұнарасы орнатылып жатыр. Жалпы, биыл Тимирязев ауданында 9 су мұнарасы қойылады. Осылайша ауданның 4 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады.

Жиыннан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындарды жеке қабылдау өткізді.

Дана Ешкенова